×

Қазақстан әлем чемпионатында тарихи жүлдені жеңіп алды

Наталья Местоева практикалық мылтық атудан алтын мен қола медаль иеленді

 Дастан Жұмабекұлы 11.12.2023 | 11:51
Фото: facebook.com/olga.arinbasarova

Фристайл-акробатика: Финляндияның Рука қаласында ұйымдастырылған фристайл-акробатикадан Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Жанбота Алдабергенова қола жүлде жеңіп алды. Отандасымыз финалда 77.43 ұпай жинап, үздіктер қатарынан көрінді. Бір қызығы, Жанбота Рукада өткен Әлем кубогының былтырғы кезеңінде де үшінші орыннан көрінген еді. Ол кезде Алдабергеноваға 80,04 ұпай жеткілікті болған.

Мәнерлеп сырғанау: Хорватия астанасы Загребте өткен мәнерлеп сырғанаудан ISU Challenger санатындағы Golden Spin турнирінде Михаил Шайдоров күміс жүлдегер атанды. Отандасымыз қос бағдарлама қорытындысы бойынша 235,29 ұпай жинап, жарыста екінші орынға табан тіреді. Алтын медальді әлем чемпионатының жүлдегері, қытайлық Цзинь Боян иеленді – 258,67. Үздік үштікті эстониялық Александр Селевко түйіндеді – 224,24 ұпай.

Айта кетелік, Михаил Шайдоров осыдан екі апта бұрын Қытайдағы Гран-при турнирінде қола медаль жеңіп алған болатын.

Практикалық мылтық ату: Наталья Местоева практикалық мылтық атудан әлем чемпионатында тарихи жүлдені жеңіп алды. Таиландта өткен жарыста жерлесіміз 1 алтын, 1р қола медаль олжалады. Сонымен қатар құрамында Наталья Местоева, Лилия Уварова, Кристина Асықбаева, Дана Қабашева бар Қазақстан әйелдер командасы командалық есепте екінші орынға ие болды. Кіші Сергей Литвинов жекелей сында төртінші орынға табан тіреді.

Спорттық би: Астанада ұйымдастырылған 10 түрлі биден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғаған Нейдас Ленкитис пен Тамара Беленькая жұбы топ жарды. Күміс медальді Адриа Эрнандес пен Эмилижа Улсинейттің (Испания), ал қола медальді Владимир Чебану мен София Чьорескудің (Молдова) жұбы иеленді. Бұған дейін ел тарихында бірінші мәрте 2022 жылы Латвия мемлекетінде ұйымдастырылған әлем чемпионатында Максим Жиленков пен Арина Молочникова чемпион атанған.

Теннис: Григорий Ломакин Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өткен ITF турнирінің жұптық сынында топ жарды. Жарыстың екінші ракеткасы Г. Ломакин мен украиналық Вадим Урсу финалда италиялықтар Филиберто Фумагалли – Сэмюэль Винсент-Ругиериден 6:2, 4:6, 10:5 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар тағы бір отандасымыз, әлемнің 504-ракеткасы Дмитрий Попко Анталиядағы (Түркия) ITF турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда дүниежүзілік рейтингте 728-орында тұрған өзбекстандық Сергей Фоминді 6:4, 3:6, 6:2 есебімен жеңді.

Кәсіпқой бокс: Жанқош Тұраров (28-0, 20 КО) Алматыдағы бокс кешінде кезекті айқасын жапониялық Акихиро Кондомен (37-12-2, 21 КО) өткізіп, қарсыласын ұпай санымен сан соқтырды – 118:110, 120:108, 118:110. Осы жарқын жеңісінің арқасында Тұраров орта салмақтағы IBO белдігін өзінде сақтап, WBA Gold вакантты белдігін иеленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама