Кездесуде жер дауын бейбіт шешу жайы талқыланады
Венесуэла мен Гайана президенттері қарулы қақтығысты тоқтатуға келісті.
14 желтоқсанда Сент-Винсентте Венесуэланың президенті Николас Мадуро Морос пен Гайананың президенті Мұхаммед Ирфаан Али кездесіп, келіссөз өткізеді.
Кездесуде Гайана-Эссекибо территориясына байланысты жер дауын бейбіт шешу жайы талқыланады.
Бұған дейін хабарланғандай, Венесуэла Гайананың Эссекибо өзенінің батыс жағалауында орналасқан жеріне басып кірген болатын. Осыдан кейін Мадуро Гайананың батыс территориясын аннекциялау туралы жарлыққа қол қойып, оны Венесуэла құрамына қосылды деп мәлімдеді. Мадуро ол аумақты жаңа Гайана-Эссекибо штаты деп атады. Бұл жерге екі ел 200 жылдан бері таласып келеді.
Бұл шешімді БҰҰ мойындаған жоқ. Енді Сент-Винсентте Венесуэланың президенті Николас Мадуро Морос пен Гайананың президенті Мұхаммед Ирфаан Али кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін келіссөз өткізеді.
Гайана-Эссекибо 200 жылдан астам уақыт бұрын испан отарлаушыларының қарамағында болған еді. 1819 жылы ол қазіргі Колумбия, Венесуэла, Эквадор мен Панаманың аумағында құрылған Ұлы Колумбия елінің құрамына кірген. 1831 жылы Ұлы Колумбия ыдырап, аталған елдер тәуелсіздік алған соң, Ұлыбританияның Гвиана колониясы Гайананың қазіргі батыс аумағын өзіне қосып алған. Осыдан кейін 1899 жылы Венесуэла Париждегі халықаралық арбитражды сот арқылы Гайана-Эссекибо өзіне қосып алғысы келген. Алайда сот даулы мәселені Ұлыбританияның пайдасына шешкен.
Енді даулы мәселеге Ұлыбритания да араласып, Венесуэлаға Гайана территориясын аннекциялауға жол бермейтінін ескертті. Бұл туралы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің Сыртқы істер министрі Давид Камерон мәлімдеді.