Әкім апат орнынан видео жариялап, келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрады
Ақтауда магистральды құбырдың жарылуынан бірнеше шағын аудан жылудан ажыратылды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің айтуынша, магистралдық құбырдағы ақауды жоюмен мамандар айналысып жатыр.
Бірнеше шағын ауданда жылу беруге уақытша шектеулер енгізілді. Сабырлық танытып, күтуді сұраймын... Жоғары шағын аудандарды жылумен қамтитын магистральдық 800 мм-лік құбырдан ақау шықты. Коммуналдық қызметтер осында, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай менің бақылауымда, - деді әкім.
Сондай-ақ ол апат орнынан видео жариялап, келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрады. Коммуналдық мамандар ақауды кешке дейін жөндеп, қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр.
Оқиға орнына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та барып, коммуналдық мекеме басшыларымен және уәкілетті орган өкілдерімен жедел жиналыс өткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Екібастұздағы ЖЭС-те тағы да апат болғанын жазған едік.