Ақау салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехінде багер сорғысын су басып қалды
Екібастұз Жылу электр орталығында төтенше жағдай болды. Бұл туралы «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС хабарлады.
10 желтоқсанда сағат 01:10-да Екібастұз ЖЭС-тің күл шығаратын құбырында ақау анықталды. Сағат 05:30-да зақым жойылды. Ақау салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехінде багер сорғысын су басып қалды. Резервте болған екі энергетикалық қазандық агрегаты іске қосылды. Екібастұз ЖЭО мен Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының күшімен суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен қоса, станцияның багер сорғысын ауыстырып, одан әрі іске қосу үшін резервті қозғалтқыш дайындалды, - делінген хабарламада.
Қазір станцияда 7 қазандық агрегаты (№5, 6, 7, 9, 11, 13, 14) істеп тұр. Оның ішінде су жылыту цехіндегі 3 қазандық уақытша мазутпен жағылып жатыр.
Жақын уақытта багер сорғысын іске қосу бойынша барлық жұмыс аяқталатын болады. Кейін су жылыту қазандықтары кестеге сәйкес көмірге ауыстырылып, стандартты жұмысы қалпына келтіріледі, - деп мәлімдеді компания өкілдері.