Билік пандемияда 42 500 теңге көмек алғандарға қатысты шешім қабылдады

Халық үні

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер енді 2024 жылы не істеуі керек?

фото: inbusiness.kz

2020 жылы елде коронавирус пандемиясы өршіп, жұмыс орындары, кәсіпорындар жаппай карантинге жабылғанда, Үкімет табыссыз қалғандарға ең төменгі жалақы көлемінде көмек беруге ұйғарды, деп хабарлады Inbusiness.kz.

Шын мұқтажы қанша екені белгісіз, бірақ оны алғысы келгендердің саны он миллионға дейін жеткен. Бұл жерде бай адамның көбі жүз доллардай ғана қаржы үшін ар-ұятты белге буып, алақан жаюы неғайбыл. 42 500 теңгені алған атақты әртіс, асаба, әншілерді айтпағанда, әрине. Демек, сол төлемді шынымен мұқтаж миллиондар қажетсінді деп санауға болады.

Бірақ билік бұл азғантай ақшаның өзін жұмысын уақытша жоғалтқандарға ғана төлеуге шешім қабылдады. Бірақ бұл шектеу онсыз да аурудан алқынып, ашынған халықты көтеріп жіберуі мүмкін болғандықтан, Үкіметтің сарапшылары мынадай схеманы ойлап тапты: бейресми жұмыс істеп, сонысынан айрылғандар тіркеуге тұрып, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлесе болғаны, 42 500 теңге төлем ала алады.

Руслан Шөжеев (аты өзгертілді) сол күнді ұяла еске алады. Ол таксиші болып еңбек етеді.

Ресми жұмыс таба алмағандықтан, жұбайым екеуіміз де бейресми жұмыс істейтінбіз. Өзім қала арасында жолаушы тасимын, ал пандемия жарияланғанда, қаланы айнала блокпост қойғызып, бекітіп тастады ғой. Зайыбым репетитор болатын, балаларды жинауға тыйым салынды, әрі бизнес орталық та жабылды. Үй болса, ипотекада. Содан Үкіметтен ең құрыса бір рет көмек алайық деп, 2020 жылғы сәуірдің басында ЕСП төлеп, өтініш қалдырдық. Маған «отказ» келді. Таныстардың, жұрттың деніне солай – беруден бас тартылды. Әйелім мамыр айында алды. Ол кейін жеке кәсіпкерлігін тіркеді. Мемлекет менің төлеген ЕСП-ымды өзіме қайтармады. Ең құрыса, сол үшін медсақтандыру мәртебесін де бермеді, – деп еске түсіреді Руслан.

Шенеуніктер болса, өз ұпайын түгендеп алды. 2019 жылы енгізілгенімен, елге қажетсіз, сұраныс таппай шаң басып жатқан БЖТ (орысшасы ЕСП) кенет «танымал» болып шыға келді. Еңбек министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы сәуір айының ортасында, яғни атақты 42 500 теңгелік төлемнің бірінші кезеңі үшін өтініш қабылдау аяқталып қалғанда, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны әп-сәтте үш еседен көпке өсіп шыға келіпті.

Нәтижесінде, Үкімет 2020 жылы арнайы төлемді төлейтінін, оны алу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ енгізуге тиісті екенін жариялағалы бері 358 мың адам солай жасады.

«Қазақстанда ТЖ енгізілгелі және арнайы төлем төленетіні жария етілгелі БЖТ төлеушілер саны айтарлықтай – 3 еседен артыққа көбейді. Атап айтқанда, егер 2020 жылғы 23 наурызда БЖТ төлеушілер саны 83 мың адамды ғана құраса, ал 13 сәуірде бұл көрсеткіш 269 мың адамға жетті. Яғни, бірден 186 мың адамға артты», – деп хабарлады журналистерге Еңбекмині.

Сонда Үкімет 42 500 теңгелік арнайы төлемді берудің бірінші кезеңі үшін 2020 жылғы 16 наурыз бен 15 сәуір аралығын есепке алды. Ал екінші рет төлеуде төтенше жағдай күшінде болған 16 сәуір мен 11 мамыр аралығы есептелді.

Нәтижесінде, екінші төлемді тек 2,9 миллион адам ғана ала алды. Жалпы,«төтенше жағдай режимі кезеңінде табысынан айрылу бойынша төлем» 4,5 миллион адамға аударылды.

Шенеуніктердің «өтірігінің құйрығы бір-ақ тұтам» болып шықты. 2020 жылғы 11 мамырда, сағат 18:00-де Қазақстанда ТЖ режимі тоқтатылды. Тиісінше, 42 500 теңге төлемді тағайындауға жаңа өтініштерді қабылдау да доғарылды. Мұны естіген ел-жұрт БЖТ-дан теріс айналды.

Одан беріде Үкімет 2,1 миллионнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды бірыңғай жиынтық төлемге көшуге қызықтыруға тырысты. Ақпарат құралдарындағы, блогерлер ресурстарындағы, әлеуметтік желідегі пиарынан ақша аямай, насихатын келістірді. Нәтижесі не болды?

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2022 жылы республика бойынша небары 380 мыңдай ғана адам БЖТ төледі. Биылғы 2023 жылы олардың қатары 250 мың төлеушіге дейін күрт құлдырады.

Енді тура үш аптадан кейін, 2024 жылғы 1 қаңтарда Үкімет өзін-өзі ақтамаған, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арасында сұранысқа ие бола алмаған БЖТ-дан бас тартады.

Сонда әлгі екі жүз мыңдай адам қайда қалады?

Салық жинауға жауапты Мемкірістер комитеті оларға не жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді, немесе салықты өз бетінше төлеуді ұсынды. Бұл 2000 жылы төлем алғандарға да қатысты.

Сарапшылар мемлекетке салық төлеуді тоқтату тексерістерге, банктік қызметтерге қолжетімділіктің бұғатталуына соқтыратынын ескертеді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары бұл жерде журналистер «Қазақстан БЖТ-дан бас тартты» (отмена ЕСП) деп қате ақпарат беріп жүргеніне назар аудартты. Себебі, олардың айтуынша, әу баста бірыңғай жиынтық төлем уақытша шара ретінде 2019-2023 жылдар аралығында енгізілді. Яғни, заң тұрғысынан "БЖТ мерзімі аяқталды» деп айту керек көрінеді.

Осыдан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтушылар не ЖК (ИП) ретінде тіркелмесе, не өз бетінше салығын төлемесе, оларды анықтау қиын болмайды екен. Өйткені Қазақстанда жеке тұлғалардың табыстарын декларациялау тетігі толыққанды іске қосылып жатыр. Табысын жасырғандарды тауып, жазалайды.

Мемкірістер органы баспанасын «квартиранттарға» жалға беретін БЖТ төлеушілер не істеуі қажеттігін түсіндірді. Олар екі жолдың бірін таңдауы шарт.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, 2024 жылдан бастап, пәтерді жалға беретін азаматтар салықты мынадай тәсілдердің бірімен төлей алады: біріншіден, жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелу және таңдалған салық режиміне байланысты салық төлеу.

Бұл ретте үш арнаулы салық режимінің (АСР) бірін таңдауы керек.

  • патент алуға негізделген АСР бар, онда жеке табыс салығының мөлшерлемесі (ЖТС) 1%-ды құрайды, ал патент 1 айдан бір жылға дейінгі аралыққа сатып алынады. Жалдамалы жұмысшылары барлар патент ала алмайды.
  • оңайлатылған декларация негiзiндегi АСР: жеке табыс салығының ставкасы 1,5%, әлеуметтік салық 1,5% болады. Жартыжылдықта 1 рет есеп тапсырып тұруға тиіс.
  • арнаулы мобильді қосымшаны пайдалануға негізделген АСР: онда ЖТС ставкасы 1%. Есептілік ұсынылмайды. Ұялы қосымша сіз үшін салықтар мен төлемдерді есептейді. Бұл тәсіл жолаушылар тасымалдайтын, тамақ таситын онлайн платформалар, агрегаторлар негізінде жұмыс істейтіндерге арналған.

Бұлардың сыртында әлеуметтік төлемдерді де төлеу қажет екенін есте ұстаған жөн. Жеңілдікті санаттарға жатпайтын кәсіпкердің әлеуметтік төлемдерінің ең төменгі сомасы 2023 жылы 14 350 теңгені құрады. Бұл – кәсіпкердің пайдасына төленетін төлемдер: 2023 жылы зейнетақы жарналары – 7 000 теңге, әлеуметтік аударымдар – 2 450 теңге, медициналық сақтандыруға жарналары – 4 900 теңге болды.

Екіншіден, жеке кәсіпкерлікті тіркетпеуге болады. Онда азамат жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00 формасын) жылына бір рет тапсырады: тапқан табысының 10%-ы мөлшерінде есептеп, жеке табыс салығын төлеуге міндетті.

Егер азамат өз пәтерін заңды тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге жалға берсе, онда ол үшін салықты жалға алушы (арендатор) төлейді. Ол үшін ЖТС сомасы 10%-ды, міндетті зейнетақы жарналары – 10%-ды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар – алынған кіріс сомасының 2%-ы көлемінде болады.