Қазақстан тағы да Палестинаға гуманитарлық көмек жіберді
Жүктің жалпы көлемі 38 тоннадан асады
Палестинаға гуманитарлық жүк тиеген ұшақ Алматыдан ұшып шықты.
Ұшақ экипажы алдымен Ақтауға, одан әрі Мысырға көмекті қажетті жерге жеткізу үшін ұшады. Гуманитарлық көмек Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Палестина халқын қолдау аясында жіберілді.
Жүк ұшағымен мемлекеттік материалдық резервтен азық-түлік пен төсек-орын жабдықтары түріндегі гуманитарлық жүктер, сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмектері мен медициналық бұйымдар жөнелтілді. Жүктің жалпы көлемі 38 тоннадан асады. Гуманитарлық жүктерді тиеуді Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімінің күштері жүргізеді. Жүк Қызыл жарты ай қоғамының өкілдеріне тапсырылады.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жібереді. Гуманитарлық көмекке салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді.
Мұның алдында Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай және басқа да көптеген ел Газа секторы мен Батыс жағалауда зардап шеккен Палестина халқына қаржылық және гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.