Halyq Uni логотип
×

Еліміздің шығысында бірегей «Лу Бань шеберханасы» ашылды

Онда халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандарды дайындалады

 Динара Амантай 09.12.2023 | 17:31
Еліміздің шығысында бірегей «Лу Бань шеберханасы» ашылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Шығыс Қазақстан облысында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында «Лу Бань шеберханасының» ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өңір әкімі Ермек Көшербаев, ҚХР-ның Қазақстандағы Бас консулы Ян Вэй бастаған Қытай Халық Республикасының делегациясы және Тяньцзинь қаласының муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Чжан Лин, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында мемлекеттік деңгейде ШҚО әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының халық үкіметі арасында «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісімге қол қойылды, сондай-ақ Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Тяньцзинь кәсіби институты арасында осы шеберхананы құру туралы келісімге қол қойылды.

Жоба Қазақстан мен ҚХР арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасын қолдауды көздейді.

«Лу Бань шеберханасы» – еліміз үшін бірегей жоба деп сеніммен айта аламын. Бүгінде Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамыту үрдістері заманауи конструкциялық материалдарды енгізуге, автокөлікті басқару кезінде қауіпсіздікті арттыруға, автомобиль көлігінде жасанды интеллектті пайдалануға бағытталған. Осыған байланысты студенттерге заманауи Қытай жабдықтарын пайдалана отырып, озық автомобиль технологияларын үйренуге мүмкіндік беретін шеберхананың ашылуы инженерлердің жаңа буынын дайындайды, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Тяньцзинь қаласының муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Чжан Линнің айтуынша, «Лу Бань шеберханасы» халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандарды дайындайды.

Аяқталған құрылыс және ұйымдастыру жұмыстары негізінде «Лу Бань шеберханасы» алғаш рет «Бір белдеу – бір жол» бастамасының бірлескен құрылысы ұсынылған жерде жұмыс істейтін болады деп сенемін, – деп атап өтті Чжан Лин.

«Лу Бань шеберханасы» жобасы шеңберінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ білім алушыларын Engineering Practice Innovation Project (EPIP) инновациялық инженерлік практика жобасын оқыту әдісін қолдана отырып және озық Қытай жабдықтарын пайдалана отырып, «Көлік, көлік техникасы және технологиялар» білім беру бағдарламалары бойынша бірлесіп даярлау жоспарланған.

Жобаны іске асыру үшін ШҚТУ-дың 15 оқытушысы осы жылдың тамыз айында Тяньцзинь қаласындағы (ҚХР) Тяньцзинь кәсіптік институтының базасында оқудан өтті.

«Лу Бань шеберханасында» оқу процесін қамтамасыз ету үшін Тяньцзинь кәсіби институтының әріптестері автомобиль көлігі саласында заманауи Қытай жабдықтарын жеткізді. Бұл жанармай, электр және гибридті автомобильдер, сондай-ақ автомобильдердің интеллектуалды жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностика бойынша практикалық дағдыларды алуға мүмкіндік беретін оқу платформалары. Олардың ішінде: қозғалтқышты бөлшектеуге және құрастыруға арналған платформа, автоматты беріліс қорабы, теңгерімдеу және шиналарды монтаждау стенді, жарықтандыру және автомобиль ыңғайлылығы жүйесін зерттеуге арналған платформа, электромобильдер мен гибридті автомобильдердің құрамдас бөліктерін зерттеуге арналған платформа, ADAS интеллектуалды жүйесін зерттеуге арналған платформа, өздігінен жүретін автомобиль және т. б.

Сонымен қатар, шеберхананың ашылуы аясында ШҚТУ және Тяньцзинь кәсіби институтымен бірлесіп «Автомобиль интеллектуалдық технологияларын қолдану мен жетілдірудің қазақстандық инжинирингтік орталығын» құру жөнінде келісімге қол қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама