Halyq Uni логотип
×

«100% кінәсі анықталды». Костенко шахтасындағы апатқа қатысты құрылған комиссия тергеуді аяқтады

Жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға аталды

 Динара Амантай 09.12.2023 | 14:11
«100% кінәсі анықталды». Костенко шахтасындағы апатқа қатысты құрылған комиссия тергеуді аяқтады
Фото: Руслан Ғаббасов/ҚазАқпарат

Бүгін Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанның, қиыр және таяу шетелдердің ғылыми-зерттеу және сараптамалық ұйымдарын тарта отырып, техникалық құжаттаманы, айғақтарды және басқа материалдарды зерделеу бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесінде, өрт және метан-ауа қоспасының одан әрі жарылуы қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газдың (метанның) тұтануының болғаны анықталды. Газдың өзі астыңғы төсемеден бөлінген.

Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылушылықтарын да анықтады. Атап айтқанда, жұмыстың толыққанды ұйымдастырылмауы және қауіпті өндірістік факторларға қажетті өндірістік бақылаудың жоқтығы атап өтілді. Олардың қатарына тұрақты шахталарда шаң мен жарылысқа қарсы шараларды орындау да жатады.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды. Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына берілді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама