×

Президент Астана қаласының әкімін қабылдады

Биыл қалаға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған

 Динара Амантай 08.12.2023 | 16:41
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жеңіс Қасымбек мемлекет басшысына елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндап, негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар екені жөнінде мәлімет берді:

  • биылғы 10 айдың ішінде 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған;
  • жыл соңына дейін жалпы көлемі 87,7 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 14, білім және медицинаға қатысты 7, логистика бағытында 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 1,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қала басшысы жылыту маусымының барысы туралы айтты:

  • биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің және үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды;
  • елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140 гигакалория;
  • қала ұзақ уақыттан бері алғаш рет биылғы жылыту маусымында жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз ететін болды.

Бұған қоса, келесі жылы «Тельман» газ жылу станциясының бірінші және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл нысандар қаланы қосымша 850 Гкал/сағат жылумен қамтуға септігін тигізеді.

Әкім әлеуметтік нысандар (мектеп, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар) салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау, апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру, тұрғын үй алаптарын дамыту және басқа да жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, келесі жылы елордада 5 оқушылар сарайының, мемлекеттік балабақшалардың құрылысы басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама