Елді мекендерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр
Астананың «Нұр-бесік» шағын ауданында тұрғындар 16 жылдан бері үйлеріне құқық белгілейтін құжаттарын ала алмаған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елордада 200-ден астам үй орналасқан «Нұр-бесік» шағын ауданы (Көктал 1 елді мекені) бар. Мұнда мыңнан астам адам өмір сүреді. Бұл шағын ауданда қала тұрғындары 2007 жылдан бері тұрып жатқанымен, 16 жылдан бері үйлеріне құқық белгілейтін құжаттары болмаған. Сол себепті олар өз үйлеріне тіркеле алмаған. Осылайша, олардың емдеу мекемелеріне тіркелуіне, балаларын балабақшаға, мектепке және т.б. беруіне мүмкіндіктері болмады. Олар достары мен туыстарының үйлеріне тіркелуге мәжбүр болды, – деп жазды әкім.
Сондай-ақ ол «Нұр-бесік» шағын ауданының тұрғындары жер учаскелерін заңдастыру мәселесін әкімдікте өткен кездесулерде бірнеше рет көтергенін жеткізді.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелердің бәрі шешілді. Қазір тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр. Енді оларды ресми түрде елорда тұрғындары деп айтуға болады және 16 жылдан кейін тіркеле алады. Шағын ауданды абаттандырумен де айналысып жатырмыз: сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және т.б. инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыс аяқталды. Сол сияқты, көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру бағандары, 3 аялдама, интернет орнатылды, т.б. Біз қаланың елді мекендерін дамытуды ары қарай жалғастырамыз, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.