Ташкентте 8 жастағы қызды аймалаған ер адам бес жылға сотталды (ВИДЕО)
Зейнет жасына келген адам қаланың қақ ортасында мектеп оқушысының қарсылығына қарамастан, ернінен сүйген
Ташкент қаласында көшеде 8 жастағы қызды аймалап, ернінен сүйіп, әдепсіздік жасаған 63 жастағы азамат сотталды. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Озодлик радиоси хабарлады.
Сот жабық жағдайда өткен. Онда соттан кейін судьяның 1960 жылы туған М.И. есімді ер адамды «16 жасқа толмағандарға тиісу» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айырғаны белгілі болды. Сотталушы жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болып шешілді.
Айта кетсек, Ташкентте 8 жастағы қызды аймалап, ернінен сүйіп, әдепсіздік жасаған 63 жастағы азамат туралы видеоны алғаш рет Nemolchi.uz жариялаған болатын. Бұл оқиға тамыз айында қаланың қақ ортасында болды. Оқиғаның куәгерлері оны видеоға түсіріп, Nemolchi.uz жобасының редакциясына жіберген.
Бұған дейін Өзбекстанда кәмелетке толмағандарға тиісу бабы бойынша 3 жылға дейін түзеу мекемесінде жұмыс істету немесе 5 жылға дейін еркінен айыру жазасы қарастырылған еді. 2023 жылы бұл бап бойынша жаза қатаңдатылды.