Астанада ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға қандай қолдау көрсетіледі

Динара Амантай

Қалада осы санаттағы 33 мыңнан астам адам тұрады

Фото: Halyq Uni

Бүгінде елордада ерекше қажеттіліктері бар 33 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 9 мыңға жуығы – бала. Астанада оларға қандай көмек пен қолдау көрсетілетіні туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік айтып берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елорда тұрғындарының көптеген өтініштеріне байланысты қазанның екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектер күніне арналған төлем сараланды. 2024 жылы бірінші топтағы мүгедектер 20 АЕК (69 мың теңге), екіншісі топ 10 АЕК (34 мың 500 теңге), үшінші топ 5 АЕК (17 мың 250 теңге) алады.

1 шілдеден бастап сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін гигиеналық құралдарды (жөргектерді) – 1 мың 460 дана (күніне 4 дана) беру нормалары ұлғайтылды (бұрын 730 дана (күніне 2 дана), алушының қалауы бойынша тоқсан сайын қамтамасыз ету – тоқсанына кемінде 360 дана. 

1-топтағы мүгедектігі бар ертіп жүрушілерді санаторий-курорттық емдеуге жұмсалған шығындарды өтеу түріндегі төлемдер мөлшері 35 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Норма осы жылдың 4 қарашасынан бастап енгізілді. Мүгедектігі бар адамдар оңалту және абилитациялаудың жеке бағдарламасына, оның ішінде әлеуметтік және кәсіптік бағдарламасына сәйкес оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Техникалық көмекші құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бөлігінде әлеуметтік оңалту шараларымен әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 28 мыңнан астам мүгедек адам қамтылды, – деді Еркебұлан Мәлік.

Сонымен, 19 мың 967 адам қозғалыс құралдарын, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық, протездік-ортопедиялық түрінде көмек алды.

Оңалту қызметтерімен 8 мың 810 адам қамтылды, оның ішінде: ымдау тілі маманы – 506 адам, жеке көмекші – 2 762 адам, санаторий-курорттық емдеумен – 5 542 адам.

Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін елордада «Инватакси» жұмыс істейді. Қызметтер 5 бағыт бойынша 117 автокөлікте – 16 мамандандырылған және 101 жеңіл автокөлікте көрсетіледі. Күніне орта есеппен 1 167 сапар іске асырылады, «Инватакси» қызметін елорданың 2 905 тұрғыны пайдаланады.

Көрсетілетін қызметті алушыларды толық қамту, сондай-ақ инватакси қызметін ұсыну тетігін өзгерту, сапа мен жылдамдықты арттыру шеңберінде елордада 2023 жылғы 10 шілдеден бастап Яндекс Go сервисі арқылы пилоттық жоба іске қосылды. Оған 195 мүгедек адам қатысты, 11 144 сапар іске асырылды, – деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, қаланың барлық аудандық әкімдіктері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді. 2023-2027 жылдарға арналған тиісті жол картасы қабылданды.

Басқарма сондай-ақ 10 ведомстволық бағынысты мекеменің жұмысын үйлестіреді, оның 6-ауы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді, оның ішінде 4-еуі мүгедектігі бар адамдар үшін («Нұрлы жүрек» ӘҚКО, «Қамқор» ӘҚКО, «Шарапат» ӘҚКО, «Жансая» ӘҚКО).

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін мынадай әлеуметтік көмек түрлері көзделген: қалалық жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жол жүру, екі жылда бір рет тіс протездеу қызметтері, санация, көмір сатып алуға, газ қазандығын өткізуге және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу. Еңбекке қабілетті жастағы мүгедек адамдар үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көзделген: бос орындарға жұмысқа орналастыру, белсенді жұмыспен қамту шаралары. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1 288 мүгедек адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды, - деді жауапты басқарма басшысының орынбасары.

«Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында (www.enbek.kz) мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 418 жұмыс орны бойынша 132 бос жұмыс орны орналастырылды.

Ауыр жұмыстарды және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті орындарды қоспағанда, штат санының 2-ден 4%-ға дейінгі мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгіленеді.

Есепті кезеңде Астанада 39 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оның ішінде 2-еуі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша арнайы өткізілді.