Таразда жылу қуатының тарифі төмендеді
Мекеме тарапынан қалалық магистральді жаңарту бойынша жылдық жоспар орындалмаған
Тараз қаласының прокуратурасы «ТаразТрансЭнерго» ШЖҚ МКК қызметінде 58,4 млн теңге болатын инвестициялық бағдарламаның шарттарын орындамау фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жыл сайын кәсіпорында жылу желілерін, аспаптарды және басқа жабдықтарды жаңарту жоспары жасалады. Аталған мақсатта жылу қуатын тұтынғаны үшін халықтан түсетін қаражат пайдаланылады.
Алайда мекеме тарапынан М-3 қалалық магистралін жаңарту бойынша жылдық жоспар орындалмаған. Бұл ретте Тараз қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша монополияға қарсы органмен өтемақы тарифі енгізілді.
Нәтижесінде 1 мың 441 абонент пен 225 кәсіпкер үшін жылыту тарифі текше метрі үшін 2 мың 348,71 теңгеден 2 мың 232,83 теңгеге дейін 4,9% төмендеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін «ТаразТрансЭнерго» МКК-не 552 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.