БҚО-да 24 құрылыс компаниясы үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан
10 заңды тұлғаға 5 млн теңгеден аса айыппұл салынды
Батыс Қазақстан облысында 10 заңды тұлғаға 5 млн теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2016 жылдың 10 қазанында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес, заңда белгіленген талаптарды бұза отырып, тұрғын үй салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады. Заң талаптарын бұза отырып жасалған құрылыс үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту жөніндегі мәміле жарамсыз деп танылады.
Кепілдік алу тәсілімен үлестік құрылысқа қатысу үшін бірыңғай оператормен («Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ) шарт жасасу қажет. Мұндай жағдайларда компания тұрғын үй құрылысын аяқтауды қаржыландырады және үлескерге өз пәтерін алуға кепілдік беріледі.
Орал қаласының прокуратурасы жеке құрылыс салушылардың қызметін талдау барысында бірыңғай оператормен шарт жасаспай, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан 24 құрылыс салушыны анықтады.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 5 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліп, 10 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (қалғандары қаралу сатысында). Олардың ішінде «Строй Техно Групп» ЖШС, «СВС Батыс» ЖШС, «АТМ Group Kazakhstan» ЖШС, «Бизнес План» ЖШС, «Сапар Строй Азия» ЖШС, «КМТ-Сити Строй» ЖШС, «Alim Construction LTD» ЖШС, «АТЖ2» ЖШС бар, – делінген прокуратура хабарламасында.