Оның әрекетінен келген шығын 5 миллион теңгеге бағаланған
Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды басқару басқармасының бұрынғы басшысы Әлия Қожабаева ірі көлемде сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты экс-шенеунікті қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 5 жылға бас бостандығын шектеді. Оның әрекетінен келген шығын 5 миллион теңгеге бағаланған.
Қожабаеваға енді өмір бойына мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік компанияларда қызмет атқаруға тыйым салынды.
Тұрақты жұмыс орны болмаса, Қожабаева жергiлiктi атқарушы органдар айқындайтын орындарда жүз сағаттан аспайтын мәжбүрлеп еңбекке тартуға міндеттелсін, – делінген үкiмде.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Әлия Қожабаеваны биыл көктемде ұстаған болатын. Ол 20 мамырда үйқамаққа алынды.
Сот барысында оның жүргізушісін Clean City NC ЖШС қарамағындағы қоқыс жинау ұйымына жалған жұмысқа алғаны белгілі болды. Жүргізушісі «жалақысын көтеруді» сұрап, шенеунік коммуналдық кәсіпорынның бас директорынан қол астындағы қызметкерге ақшаны төлеуді талап еткен. Болжам бойынша, 2021 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың мамырына дейін Clean City NC ЖШС жалған қызметкердің шотына 4 790 855,44 теңге аударған.