Экс-министр Назарбаев университетінің атқарушы вице-президенттігіне тағайындалды
Ол бұрын осы ЖОО-ны құрудың басы-қасында болған
Назарбаев университеті (NU) Қамқоршылық кеңесінің (ҚК) шешімімен NU-дың атқарушы вице-президенті болып Аслан Сәрінжіпов тағайындалды. Ол бұған дейін Білім және ғылым министрі лауазымында жұмыс істеген және әлемдік деңгейдегі университет саналатын NU-ды құрудың басы-қасында болған.
Сонымен қатар, ҚК шешімімен NU-дың жаңа вице-президенттері тағайындалды:
- Дархан Біләлов – жоғары білім саласындағы PhD докторы. Бұрын «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ басқарма төрағасы – ректоры, Президент жанындағы «ҚР Ұлттық ғылым академиясының» вице-президенті қызметтерін атқарған.
- Ерлан Шоланов – МВА магистрі. Бұған дейін Назарбаев университеті жоғары білім мектебінің атқарушы директоры, Kozybayev University басқарма төрағасы – ректоры, «Нархоз университеті» КЕАҚ провосты лауазымдарын атқарған.
- Әсел Уәлиева – DBA докторы. Бұған дейін Назарбаев университеті жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор қызметтерін атқарған.
NU-дың жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттері – өзін-өзі қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу, әлемдік ғылыми-білім беру қауымдастығымен сапалы интеграция және білім беру жүйесін дамыту мен ғылыми әлеуетті арттыруда қазақстандық университеттермен тығыз синергия мәселелері болып қала береді.