Нұрлыбек Нәлібаев жаңа әуежай терминалы қашан пайдалануға берілетінін айтты
Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы
Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы қазіргі әуежай терминалы ескі екенін мойындады.
«Былтыр мен осы қызметке (облыс әкімі) келгенде демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге әуежайдағы ескі терминалды жөндедік. Қазір жағдай жақсы. Ұялмай, келген қонақтарды қабылдап жатырмыз», - деді Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімі биыл ақпанда жаңа терминалдың құрылысы басталғанын атап өтті.
Жерлесіміз (кәсіпкер, меценат) Болат Өтемұратовқа шықтық. Мемлекет басшысы да тапсырма берді. Оны сіздер білесіздер. Президенттің тапсырмасы бойынша біз Болат Өтемұратовпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Болат Өтемұратовтың қоры жобаны қолға алып, ақпанда (жаңа терминалдың – авт.) құрылысы басталды. Оның құны – 15 млрд 700 млн теңге, - деді ол.
Нұрлыбек Нәлібаев терминалдың құрылысы қашан аяқталатынын айтты.
«Алдағы жылы мамыр айында (терминал) құрылыс аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Кеше облысқа Көлік министрі Марат Қарабаев арнайы іс-сапармен келді. Сонда онымен бірге әуежайдағы жаңа терминалдың құрылысымен таныстық... Өкінішке қарай, қазір тек Астана мен Алматы қаласына рейстер ашылған. Күніне 3-4 рейс қатынап жатыр. Біз соны көбейту жөнінде мәселе көтердік. Өйткені, әуе рейстеріне сұраныс өте көп... Қазір менің орынбасарларым министрлікпен бірігіп жұмыс істеп жатыр», - деді облыс әкімі.
Жаңа терминал пайдалануға берілген соң әуе рейстерінің де саны артуы мүмкін.
«Алдағы уақытта жаңа терминал ашылғанда міндетті түрде рейстерді көбейту бойынша жұмыс істейміз. Бұл терминалдың ерекшелігі – мемлекет меншігінде. Кейбіреулер әуежай терминалын Болат Өтемұратовтың қоры салып жатқан соң, ол жеке меншікке беріледі деп ойлап қалуы мүмкін. Қазір нысан мемлекет меншігінде, алдағы уақытта да солай болады. (Болат Өтемұратовтың қоры) тек нысанды тек демеушілік аясында салып жатыр», - деп түйіндеді сөзін Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұған дейін хабарланғандай, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.