Halyq Uni логотип
×

Қызылордада ыстық су мәселесі алдағы 3 жылда шешімін таппақ

Тиісті жобаны іске асыруға 1,1 трлн теңге жұмсалады

 Динара Амантай 07.12.2023 | 13:59
Қызылордада ыстық су мәселесі алдағы 3 жылда шешімін таппақ
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудағы маңызды факторларының бірі болып саналатын мәселелердің бірі – ыстық сумен қамтамасыз ету қолға алынбақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазандағы сапарында өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақты жолға айналдыру және Қызылорда қаласына ыстық су қосу мәселесі алдағы үш жыл ішінде шешіледі, – деді облыс әкімі.

Еске сала кетсек, Қызылорда қаласы – республикадағы ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы.

Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жобаларға қажет қаржыны бөлу туралы нақты тапсырма берді. Мұны іске асыруға 1,1 трлн теңге жұмсалады, – деп қорытындылады сөзін Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, өңірдегі басқа да түйткілдер кезең-кезеңмен шешімін тауып жатыр. Қоғамда жиі талқыланатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолы президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба құны – 108,5 млрд теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2025 жылы халық игілігіне беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама