Жерді жалға алушы мемлекетке 50 млн теңгенің орнына 60 мың теңге төлеп келген
Жоғары лауазым иелері өз құзыретіне кірмейтін өрескел шешімдер қабылдаған
Павлодар облысында жерді жалға алушы 50 млн теңгенің орнына мемлекетке 60 мың теңге төлеп келген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары жер қатынастары саласына жүйелі қадағалау жүргізеді. Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 70% жер бар. Олардың басым бөлігі жеке меншікте және бұл жерлер пайдаланылып жатыр.
Тексеріс барысында елді мекендер шегінде жайылымдық жерлер мен егістіктер үшін жер учаскелерін беріп, міндетті конкурстық рәсімдерді елемей, пайдаланғаны үшін төлемді азайтып, лауазымды адамдардың құзыретіне кірмейтін шешімдер қабылдаған өрескел бұзушылықтар анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Атап айтқанда, бір учаске бойынша жалға алудың жылдық құны 50 млн теңгенің орнына 60 мың теңге деп белгіленген.
Бұған қоса, халықтың қажеттіліктері үшін жайылымдық жерлер тапшылығы бола тұра, олардың «бір қолға» берілгені анықталды. Мысалы, Ертіс ауданында 47 мың гектар тапшылық болса да, жер жеке тұлғаларға заңсыз берілген.
Осындай фактілердің бірі бойынша аталған ауданда сот тәртібімен ауманы 3 мың гектардан асатын жайылымдарды қайтару қамтамасыз етілді.
Жер қатынастары саласында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген хабарламада.