Мамандар көпір жөндеуді америкалықтардан үйренбек
Олар жол саласындағы жаңа технологиямен танысты
Қазақстандық мамандар көпірдің қауіпсіздігін бақылауды және оны жөндеуді америкалық компаниялардан үйренуге ниетті, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына жұмыс сапарымен барды. Олар Sensor Fusion and Monitoring Systems компаниясының кеңсесінде болды. Мақсат – көпір құрылысын мониторингтеу саласында ынтымақтастық орнату.
Кездесуде сарапшылар көпірлердің жағдайын бақылауға арналған жаңа сенсор мен бақылау жүйесін пайдалану мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ қос тарап жол құрылысының үш өлшемді үлгілерін жасауға мүмкіндік беретін көпірлер мен өткелдердің проблемалық учаскелеріндегі ақауларды анықтау, оларға қызмет көрсетуді айтарлықтай жеңілдететін 3D-модельдеу, лазерлік сканерлеуді қоса алғанда, озық технологияны енгізу бойынша тәжірибе алмасты, - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар мамандар автомобиль жолдарын диагностикалау саласындағы соңғы технологиялық жетістіктермен танысу үшін Fugro халықаралық компаниясының АҚШ-тағы бөлімшесінің басшылығымен кездесті.
Инженерлер георадары бар жолдарды автоматты диагностикалауға арналған жаңа жүйені зерделеуге мүмкіндік алды. Бұл жол жабындарының кедір-бұдырын, жарықтар мен ойықтарды өте жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.