«Тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз». Смайылов цифрландырудағы кемшіліктерді жоюды талап етті

Динара Амантай

Инвестициялық штаб шеңберінде әр өңірдегі жұмыс қадағаланады

Фото: t.me/KZgovernment

Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиынға қатысушылар мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖБМК) қатысты мәселелерді талқылады. Ол бос жер телімдерін жедел әрі ашық түрде бөлуге, сондай-ақ республиканың жер қоры туралы ақпаратқа азаматтардың толық қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған. Жаңа тәсілге сәйкес, таңдау, өтінім беру мен тіркеуден бастап, жер телімдерін берудің бүкіл процесі электронды форматқа көшірілді. Барлық бизнес-процестер толығымен қайта қаралды. Қажетті қадамдар саны бірнеше есе азайтылып, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі шамамен 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды.

Талдау нәтижесінде әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің талапқа сай емес екендігі анықталды. Атап айтқанда, қолданыстағы бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕЖЖ) түзету енгізу қажет. Сонымен қатар платформада өтінімдерді уақтылы қарамау және негізсіз бас тарту фактілері анықталды.

Премьер-министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы түрде көрсету үшін барлық кемшілікті қысқа мерзімде жою керектігін атап өтті.

Цифрландырудың өзі дәл осы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қате деректер көлемін қысқартуға, сәйкес келмейтін координаттар бойынша жер телімдерін беру фактілерін жоюға бағытталған. Бұл мәселелердің барлығы цифрландыру нәтижесінде шешілуге тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Инвестициялық штаб шеңберінде әр өңірдегі жұмыстың қадағаланатынын баса айтты.

Біз әр өңірдегі жағдайды жан-жақты қараймыз. Егер жаңа жылдан бастап адамдарға рұқсат беру тұрып қалатын болса, өңірлердегі тиісті жауапты тұлғаларды жұмыстан босатуға дейін жауапқа тартамыз. Біз аталған мемлекеттік қызметті ашық қылып, цифрландырғымыз келеді. Ал бас жоспарлар мен ЕЖЖ қазіргі мәліметтерге сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда автоматты түрде рұқсат берілмей жатады. Бірақ біз кері шегінбейтінімізді ерекше атап өткім келеді. Бәрібір алға жүреміз. Бұл процесті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына өз қызметін лайықты атқаруға бел буған адамдарды қою керек, – деді Әлихан Смайылов.