Қазақстандық кәсіпкердің компаниясы АҚШ-тағы ТОП-5 тізімге енді
Кәсіпкердің өзі 2023 жылы Forbes тізіміне енген
Қазақстандық кәсіпкер Ақжол Жұмағұловтың кәсібі АҚШ-та қарқынды дамып келе жатқан үздік 5 компанияның қатарына енді, деп хабарлады Halyq Uni.
Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Сиэтл және Оранж округінде толық қызмет көрсететін жергілікті және мемлекетаралық тасымалдаушы SOS Moving компаниясы – Калифорния нарығында белсенді жұмыс істеп келеді. SOS Moving компаниясының негізін қалаған Ақжол Қазақстанда құқық қорғау органдарында қарапайым тергеуші болып қызмет атқарған. Енді оның қарамағындағы жүк тасымалымен айналысатын компаниясы Калифорнияда қарқынды дамып келе жатқан үздік 5 компанияның қатарына еніп отыр.
Өзінің айтуынша, ол Америкаға оқуға барып, бір жыл бойы жүк тиеуші болып жұмыс істеген. 2020 жылы өзінің алғашқы көлігін сатып алған. Осылайша, жыл соңына дейін өз иелігіндегі жүк көліктерінің саны 13-ке жеткен. Оның компаниясында қазір 53 жүк көлігі бар.
3 жыл ішінде мен құрған компанияның табысы 1 миллион доллармен айналымға шықты. Америкада қазір дағдарыс, ірі компаниялар жабылу үстінде. Бірақ біздің SOS moving атты компаниямыз өркендеп, Калифорниядағы қарқынды дамып келе жатқан үздік 5 компанияның қатарына енді, - деді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Жас кәсіпкердің айтуынша, жетістікке жетудің оңай жолы жоқ. Тек тұрақтылық пен табанды еңбек – бәсекелестерден озуға көмектесетін жалғыз әдіс.
Бүгінде нарықта көптеген «инфосығандар» «табысқа жету құпияларымен» бөлісіп немесе «аптасына 15 минутта тер төкпей баю жолдарын» үйретпек болады. Мұның бәрі – бос сөз. Бизнес үшін сиқырлы формула немесе құпия рецепт жоқ. Бизнесте жетістікке жету өте қиын. Өйткені сіздің бәсекелестеріңіз ұйықтамайды және адамдардың 99,9%-ы бай болғысы келеді. Ендеше, бизнестің құпия формуласы неге жоқ? Ешқашан өзгермейтін ережелер мен шекаралар бар сияқты, бизнестің спорттан айырмашылығы – бизнес ортасы үнемі өзгеріп отырады. Бір жыл бұрынғы жақсы идея бүгін жаман болуы мүмкін. Бизнес – ақыл-ой спорты, - дейді ол.
2023 жылы Forbes тізіміне енген Ақжол Жұмағұлов қазір долларлық миллионер санатында.