Отандастарымыз ТОП-100 спортшының қатарынан көрініп жүр
Халықаралық теннис федерациясының (ITF) директорлар кеңесі Малагада өткен ұйымның ресми жиналысында төрт вице-президентті 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі мерзімге бірауыздан қайтадан сайлады.
Болат Өтемұратов вице-президент болып қайта сайланды. Бұл қызметті 2019-2023 жылдары атқарып келген еді. Оған Брайан Хейнлайн (АҚШ), Сальма Муэли Гуизани (Тунис) және Рафаэль Уеструпп (Бразилия) қосылды. ITF-тың барлық төрт вице-президенті өз елдерінің ұлттық теннис федерацияларының президенті.
Сонымен қатар осы күндері Астанада өтіп жатқан Қазақстан теннис федерациясының жыл сайынғы конференциясында Болат Өтемұратов алдағы төрт жылға ұйым президенті болып қайтадан сайланды.
Болат Өтемұратов федерацияға 2007 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Бүгінде елімізде 48 қазіргі заманға сай жасалған теннис орталықтары болса, ондағы 364 корттың басым бөлігі – жабық корттар. 30 мыңдай бала тенниспен айналысса, 3 500 бала тегін жаттығады. Оларға қажетті киім мен ұлттық және халықаралық турнирлерге қатысу үшін федерациядан қаржылай көмек беріледі. Осы жылдар ішінде федерация балалармен жұмыс істейтін 300 жаттықтырушы мен 500 нұсқаушыны дайындап шығарды.
Елімізде 2020 жылдан бері ұлттық жарыстармен (жылына 200-дей) қатар, ATP 250 турнирлері де ұйымдастырылады. 2022 жылы жарыс деңгейі АТР 500-ге дейін көтерілді.
Жасөспірімдердің табыстары ерекше қуантады. Жуырда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында еліміздің бозбалалар мен қыздар құрамалары командалық әлем чемпионатында өнер көрсетті.
Былтыр 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үздік төрт команданың қатарына кірді. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында ITF рейтингінде ТОП-100-ге екі теннисшіміз енді. Қазір Әмір Омарханов – 57-ші, Асылжан Арыстанбекова 66-орында тұр.
Халықаралық теннис федерациясының бағалауы бойынша, 2021 жылы Қазақстан теннистің дамуы жөнінен әлемдегі 20 үздік елдің қатарына кірді. Бұл ретте ойыншылар мен салынған корттар саны және ұлттық құраманың Олимпиадалардағы, Дэвис кубогы мен Билли Джин Кинг кубогындағы табыстары секілді критерийлер есептелді.
Еске сала кетсек, биылғы қыркүйек айында Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясының (ITF) директорлар кеңесіне үшінші рет сайланды.