Тоқаев Ақтөбе облысындағы Саржансай ауылында болды

Дастан Жұмабекұлы

Өңірде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында президент облыстың экономикалық даму барысымен және іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларымен танысады, сондай-ақ өңірдегі бірқатар әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көреді деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына жұмыс сапары Мәртөк ауданының Саржансай ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысудан басталды. Оның жалпы аумағы – 1048 шаршы метр. Онда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көрді. Спорт кешенінде жас спортшылармен кездесті. Әңгіме кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы футболға қолдау көрсетілетінін айтып, миллиондардың сүйікті ойынына айналған осы спорт түрінің болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.

Одан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында іске асырылу барысымен танысты

Президентке Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы баяндалды. Бастама қолға алынғалы бері өңір бойынша 1 471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысына бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті

Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.

Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалардың және аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.