Оқу орнының дипломы екі елдің жоғары білім туралы құжаты ретінде танылады
Өзбекстанның Ташкент облысы Шыршық қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы ашылады. Осыған байланысты Өзбекстан Републикасы Министрлер кабинетінің тиісті қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлады uza.uz.
Филиал қызметінің негізгі бағыттары экономика салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлау, білім, ғылым және өндірістің үздіксіздігі мен жүйелілігі, сондай-ақ әлемнің беделді білім және ғылым орталықтарымен интеграциялану қағидаттары негізінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жаңғырту жоспарланған, – делінген хабарламада.
Auezov University филиалы кадрларға деген қажеттілікті, оның ішінде ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды ескере отырып, бакалавриат білім беру бағыттары мен магистратура мамандықтары бойынша барлық деңгейдегі мамандарды даярлап, қайта даярлап және олардың біліктілігін арттырады.
Білім ордасының дипломы Өзбекстан мен Қазақстанда жоғары білім туралы құжат ретінде танылады.
Auezov University 80 жылдығына орай, оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл туралы оқу орнының 80 жылдық мерейтойына арналған жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.
Жақында білім ордасында ғылым және білім саласындағы қайраткерлер атындағы дәрісханалар ашылды.
Атап айтқанда, мерейтой қарсаңында университеттің түлегі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов пен университет түлегі, меценат Серікжан Сейітжанов атындағы дәрісханалар пайдалануға берілді.
Сондай-ақ университетте бірнеше ғылыми зертханалар кешенінің ашылу салтанаты болды. Оқу орнының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген 4 бірдей зертхана университеттің ғылыми әлеуетін одан әрі нығайтуға тың серпін береді.
Айта кетейік, еліміздегі іргелі көпсалалы жоғары оқу орны – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдығы 18 қарашада кең көлемде атап өтіледі. Атаулы дата қарсаңында «Білім, ғылым және инновациялар» халықаралық форумы, ғылыми зертханалар кешенінің ашылуы және өзге де маңызды іс-шаралар бар.