Құлшылық орыны жолаушыларға бес парыздың бірін қаза етпеу үшін салынған
Павлодар облысында алғаш рет жол бойында намазхана ашылды.
Pavlodarnews.kz-тің хабарлауынша, намазхана Астана – Семей тасжолы бойындағы Аққулы ауданына қарасты Тұзқала ауылының жанында орналасқан.
Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы құлшылық орнының жолда өтіп бара жатқан жолаушыларға ыңғайлы болу үшін салынғанын айтты. Ол адамның намазын қаза етпеу, өз уақытында өтеу үшін ауыл жамағатының көмегімен және демеушілігімен ашылып, ресми түрде тіркелген.
Бұдан былай жол бойында келе жатқан жолаушылар үшін намазын уақтылы оқып кетуіне оңай болады, – деді имам.
Биыл наурыз айында Павлодар әуежайында ұшақпен сапарға шығатын жолаушыларға арналған намазхана бөлмесі ашылған болатын. Бұл орын да жолаушылардың өтініші бойынша діни басқарманың арнайы тіркеуінен өтіп, іске қосылды.