Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 89 адам мерт болған
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолда тіркелген
Атырау облысында жыл басынан бері 324 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатының салдарынан 416 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Ал, 89 адам мерт болған.
Атырау облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиевтың мәліметіне сүйенсек, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл жол-көлік оқиғасы 0,6 пайызға төмендеген.
«Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолда тіркеліп отыр. Мұндай жолда адам өлімінің 61,8 пайызы тіркеледі. Талдауға сәйкес, биыл 11 айда республикалық маңызы бар тасжолда тіркелген жол апатынан 55 адам қаза болған. Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының саны едәуір өсіп отыр. Сол себептен, жол апатының алдын алу үшін 14 мәрте жедел алдын алу іс-шарасы мен рейдтік акция өткізілді», - дейді Аманжол Жұмалиев.
Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Тілепберген Ақболатовтың қысқы мезгілде жол апатының алдын алу үшін көлік дөңгелегін мезгілінде ауыстырып тұру қажет.
«Атырау облысында соңғы айда республикалық және облыстық тас жол 6 мәрте жабылды. Оған қар аралас жаңбырдан кейінгі көктайғақ әсер етті. Көліктің қозғалысына, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп-қатер төнсе, осындай іс-шара қабылданады. Бұл талап Кедендік Одақтың аумағында автокөліктерді пайдалану ережесінде нақты көрсетілген. Аталған талапты орындауға бағынбаған жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-тармағына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған», -деді Тілепберген Ақболатов.