Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасарына сөгіс жарияланды

Жедел жәрдем қызметкерлері оны жұмыстан шығару туралы шағым түсірген

 Ербол Тұрымбет 21.12.2021 | 11:33
Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасарына сөгіс жарияланды
көрнекі фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағандыда облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Арман Байсұлтанға қызметтік этиканы сақтамағаны үшін сөгіс берілді.

Қарағандыдағы жедел жәрдем дәрігерлері басшылықтың қорлығына шыдамайтынын айтып, оны жұмыстан шығару туралы шағым түсірді. Олар шағымын Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасына және Еңбек инспекциясы басқармасына жолдаған. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде үндеу жасады.

Директордың орынбасары бізге дөрекі сөйлеп, дауыс көтереді. Оның жедел жәрдем қызметкерлеріне дөрекі, ұятсыз қарым-қатынасы үшін Денсаулық сақтау басқармасына бірнеше рет шағымдандық, бірақ нәтиже болмады. Бізге тек қоғамдық резонанс көмектеседі! - делінген жедел жәрдем қызметкерлері үндеуінде.  

Басшыны жұмыстан босату туралы өтінішке барлығы 17 дәрігер мен фельдшер қол қойған.

«Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК директоры Зульфикор Әбілқасымов жедел тергеу қызметкерлері ұсынған материалдар фактісі бойынша Арман Байсұлтан (директордың орынбасары – ред.) қызметкерге сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарылғанын айтты.

Ұжымның шағымы бойынша тәртіптік кеңес өткенін, этика мен деонтологияны сақтамағаны үшін оған сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылғанын Денсаулық сақтау басқармасындағылар да растап отыр. Өтініште көрсетілген басқа да деректер бойынша қызметтік тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама