Ермек Маржықпаев дүрмекті доданың алдында команданың ішінде ауызбіршілікті сақтауды тапсырды
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев велоспорт федерациясының басшылығымен кездесіп, биылғы есебін тыңдады. Федерация өкілдері спортшылардың нәтижелері туралы айтып, төртжылдықтың басты додасына дайындық жоспарларына тоқталды, деп хабарлады ведомство.
Биылғы Азия ойындарында велошосседен Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 2 алтын және 1 күміс жүлдеге ие болды. Ал әйелдер бәсекесінде 1 қола медаль бар. Велотрек пен маунтинбайк (тау велосипеді) жарысында, өкінішке қарай, Қазақстан спортшылары жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Отандық велоспортта жеңіспен өрілген жақсы дәстүріміз бар. Ұлттық құрама спортшылары биылдың өзінде жақсы нәтиже көрсетті. Алексей Луценко мен Евгений Федоровтың маусым бойы сәтті өнер көрсетуінің арқасында спортшылар Олимпиаданың үш жолдамасын алды. Велошабандоздардың Ханчжоудағы жетістігі Олимпия ойындарында жүлделі орындардан үмітті екенімізді айғақтайды. Велоспорт – медаль қажет ететін спорт түрі. Ал велотрек пен маунтинбайк сияқты басқа да бағдарламалар бойынша жаттығу жоспарын қайта қарау керек. Ұлттық құраманың көшбасшылары жеке дайындық жоспарын қатаң ұстануға тиіс, – деді кездесуде Ермек Маржықпаев.
Велоспорт бойынша олимпиадалық іріктеу сайыстары аяқталып, Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Париж Олимпиадасына дайындық жұмыстарын бастады.
Туризм және спорт министрлігі Олимпиадаға дейін спортшылардың оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға, фармакологиялық және велошабандоздарды қалпына келтіру құралдары бойынша барлық қажетті жағдайды жасауға көмектеседі.
Жиын соңында министр өткен жарыстардың, атап айтқанда, велотрек пен маунтибайктың нәтижелеріне терең талдау жүргізуді, сондай-ақ Париж Олимпиадасы алдында команда ішінде ауызбіршілікті сақтауды тапсырды.