Өзбекстанда қылмыс әлемнің серкелері ұсталып жатыр (ВИДЕО)
«Салимбой» мен «Бахти Ташкентский» қамалды
Өзбекстанда қылмыс әлемнің серкелері ұсталып жатыр. ELTUZ-дың хабарлауынша, елдің әр бұрышында жүрген қылмыс әлемінің бірнеше лидері тұтқындалған. Олардың арасында 73 жастағы Салим Абдуалиев пен 52 жастағы Бахтиер Кудратуллаев та бар. Біріншісі көпшілікке «Салимбай» немесе «Салим бойвачча» деген атпен танымал болса, екіншісі «Бахти Ташкентский» деген лақап атымен белгілі.
Тағы бір қылмыскерді ұстау мүмкін болмапты. Әңгіме Азия бокс федерациясының бұрынғы президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті, «Қара Гафур» деген лақап аты бар Гафур Рахимов туралы болып отыр. Өзбекстан полициясының арнайы жасағы үйіне барғанда ол онда болмаған. Одан кейін арнайы жасақ кәсіпкердің саяжайына барған. Өкінішке қарай, ол жерден де таппаған.
Полицияның хабарлауынша, ол бой тасалап, Өзбекстанның бір жерінде жасырынуы мүмкін. Басқа дерекке қарағанда, Рахимов Дубайға қашып кеткен. Ал Салим Абдуалиев пен Бахтиер Кудратуллаев өз үйдерінде ұсталған. Өзбекстан құқық қорғау органдарының арнайы жасағы оларды көптеген күзетші, нөкерлерімен қоса автозакқа отырғызып, ішкі істер департаментіне әкеткен. Сол жерде «Салимбай» өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Алайда полиция участкесіне жедел жәрдем жеткенмен, қылмыскер ешқайда жіберілмеген.
Заң бәріне бірдей. Солай емес пе? Әлде біз қателесеміз бе? – деп мәлімдеді қалалық ішкі істер департаменті.
Салим Абдуалиев – бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігіндегі белгілі кәсіпкер, меценат, филантроп. Ол 1997 жылдан бері Өзбекстанның спорт күресі қауымдастығын басқарып келеді. Ал 2017 жылы Өзбекстан Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланған. Кейбір деректе ол қылмыс әлемінің белсендісі болып саналады. Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі кәсіпкерді «өзбек мафиясының белді өкілі» деп атаған.
«Бахти Ташкентский» болса, жақындарының бірімен хабарласып, бір-екі жыл «үйде» болатынын айтыпты. Оның «үй» дегені түрме болып тұр. Қылмыс әлемінде түрмені «үй» деп атайды.
«Үйде» біраз тәртіп орнату керек екен. Онда бармағанымызға көп болыпты ғой, – деген екен ол серіктерінің біріне.
«Қара Гафурға» келсек, ол әуелі Қазақстанға келіп, одан кейін Шымкенттен Дубайға жеке ұшағымен ұшып кеткен көрінеді. Оны Дубайда өз көзімен көрген адамдар бар екен.
Жалпы, полицияның арнайы операциясы кезінде қылмыс әлемінің 200-ге жуық серкесі қолға түскен. Олардың бәрі Ташкентте ұсталған. Оның ішінде Саидазиз Саидалиев («Саидазиз медгородок»), Баходир Султанов («Бохо-Завхоз», «Зики эски шахар»), Аббас Хаджаев («Конторский»), Жахонгир Бадалов («Снобс»), Эдем Осанов («Азиз чучвара»), Дилшод Шарипов, Анвар Мирзаханов, «Шукур Янгибазарский», «Аваз коракамиш» деген танымал серкелер де бар.