Ақмола облысында тұрғын үйлер заңсыз жекешелендірілген
Облыс бойынша тұрғын үйді алуға кезекте 23 мыңнан астам адам тұр
Ақмола облысының прокуратурасы жергілікті әкімдіктердің қызметінде тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс бойынша тұрғын үйді алуға кезекте 23 мыңнан астам адам тұр. Бұл ретте әкімдіктер соңғы үш жылда 900-ге жуық пәтер бөлген. Тексеріс барысында тұрғын үйді заңсыз берудің, сондай-ақ тұрғын үй беру негіздері жойылғаннан кейін адамдарды үйден шығармаудың 23 фактісі анықталды.
Мысалы, Көкшетау қаласында тұрғын үй бюджеттік ұйымның бұрынғы қызметкеріне ұсынылған. Ол бұл кезде пара алғаны үшін 2 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан болып шықты.
Сондай-ақ тұрғын үйді заңсыз жекешелендірудің 2 фактісі анықталды.
Мәселен, аудан орталықтарының бірінде азамат жекешелендіруден жарты жыл бұрын басқа аймақта орналасқан басқа пәтерді сатты. Қадағалау актісі бойынша жекешелендірілген пәтер мемлекетке қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, коммуналдық тұрғын үйді заңсыз жалға беру, бюджетке 50 млн теңге жалдау төлемдерін төлемеу, табыстарын алдын ала тексермей, аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй беру фактілері анықталды.
Қазір заңсыз берілген пәтерлерді қайтаруға бағытталған шаралар қабылданып, олар тұрғын үйге нақты мұқтаж адамдар арасында қайта бөлінеді.