Алматыда әрекетке қабілетсіз адамдардың құқығы жүйелі түрде бұзылып отырған
Қамқоршы органдардың 7 лауазымды қызметкері жауапқа тартылды
Медеу ауданы прокуратурасының жүргізген талдау нәтижесінде Алматы қаласында әрекетке қабілетсіз адамдардың құқығы жүйелі түрде бұзылғандығы анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 121-бабына сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты немесе мүлікке қорғаншылықты белгiлеу қажеттiгi туралы тиiстi органдарға белгiлi болған кезден бастап 20 жұмыс күні iшiнде қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi. Сонымен қатар психикасының бұзылуынан, басқа да аурулардан зардап шегетін 423 адам анықталып, оларға ұзақ уақыт және тіпті жылдар бойы қамқоршы тағайындалмаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Мысалы, бір азаматты 2001 жылы сот әрекетке қабілетсіз деп таныған. Оның заңды өкілі тек 2022 жылы, яғни 20 жылдан астам уақыттан кейін ғана белгіленген. Тағы бір жағдайда бір азамат қамқоршысына 18 жыл өткеннен кейін, екінші азаматқа 10 жылдан кейін, үшіншісіне 9 жылдан кейін тағайындалған.
Тек талдау кезінде ғана заңды өкілдері болмаған 110 адам анықталды.
Аталғандар олардың туыстарының өз іс-әрекеттеріне есеп бере алмайтын және өз құқығын өз бетінше қорғай алмайтын адамдардың денсаулығы мен мүлкіне толыққанды қамқорлық жасай алмайтын заңды іс-әрекеттер жасай алмауына әкеп соқты. Мұндай жағдай соттардың шешiмдердi орындауға уақтылы жiбермеуiнен және қорғаншы, қамқоршы органның тарапынан бақылаудың болмауынан туындаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ прокурорлар уәкілетті органның 47 әрекетке қабілетсіз адамның мүлкіне тыйым салмағанын анықтады. Уақытында тыйым салынбағанның кесірі психикалық ауытқуы бар Р.-ның жалғыз пәтерін бөгде адамдарға өсиет жасау арқылы тартып алу әрекетіне әкеп соққан.
Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша заңсыз өсиет жарамсыз деп танылып, әрекетке қабілетсіз Р. қаланың әлеуметтік нысандарының біріне орналастырылды.
Медеу ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша қорғаншы және қамқоршы органдардың 7 лауазымды қызметкері жіберген бұзушылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданды.