Halyq Uni логотип
×

Қазақстан спортшылары 31 алтын медаль жеңіп алды

Сонымен бірге ел құрамасының қоржынына 26 күміс пен 65 қола жүлде түсті

 Дастан Жұмабекұлы 04.12.2023 | 15:01
Қазақстан спортшылары 31 алтын медаль жеңіп алды
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan/

Қазақстан спортшылары бірнеше елде спорттың 8 түрінен өткен әлем чемпионаты, Әлем кубогы үшін турнирлер мен басқа да халықаралық жарыстарға қатысып, 31 алтын медаль жеңіп алды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне қарағанда, спортшылар каратэ, әйелдер күресі, грек-рим күресі, кәсіпқой бокс, спорттың қысқы түрлері саналатын конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек пен фраистайл-акробатикадан өткен жарыстарда күш сынасты.

Каратэ: Киокушинкай-кан каратэден Алматыда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 115 медаль жеңіп алып, ең үздік нәтиже көрсетті. Жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер арасындағы «ката» мен «кумитэ» жарысын қоса есептегенде, Қазақстан құрамасы 29 алтын, 25 күміс, 61 қола медальмен жалпы есепте топ жарды. Екінші орынды Ресей (24 алтын, 26 күміс, 47 қола) құрамасы иеленсе, Жапония үздік үштікті (10 алтын, 7 күміс, 2 қола) түйіндеді.

Конькимен жүгіру: Италияның Коллальбо қаласында мәресіне жеткен жастар арасындағы Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары екі жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, Инесса Шумекова (1:22:34 секунд) 1000 метр қашықтықта алтыннан алқа тақса, Арина Ильященко (1:22:61 секунд) күміс медаль алды.

Мәнерлеп сырғанау: Мәнерлеп сырғанау шебері Рахат Бралин Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Bosphorus Cup-2023 додасында қола жүлдеге ие болды. Отандасымыз қос жаттығудың нәтижесінде 203.40 ұпай жинап, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Бас жүлде Әзербайжан спортшысы Владимир Литвинцевке (221.10 ұпай) бұйырса, үшінші орынға Түркияның спортшысы Бурак Демирбога (211.02 ұпай) орналасты.

Шорт-трек: Нидерландтың Леэварден қаласында алауы тұтанған шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстанның қыздар құрамасы қола жүлдені иеленді.

Әйелдер эстафетасындағы (3000 м) бәсекеде ел құрамасы сапынан Алина Әжіғалиева, Зейнеп Құмархан, Анастасия Астраханцева, Гүлдана Жалмұхан, Полина Омельчук бақ сынады. Бірінші орынды Корея құрамасы иеленсе, екінші сатыға Нидерландтың әйелдер құрамасы көтерілді.

Әйелдер күресі: Беларусьтің астанасы – Минскіде үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті еске түсіруге арналған күрестен Гран-при жарысында екі отандасымыз үздіктер қатарынан көрінді. 65 келіде бақ сынаған Ирина Казюлина мен 76 келіде белдескен Эльмира Сыздықова турнирдің қола жүлдегері атанды.

Грек-рим күресі: Аманғали Бекболатов Әзірбайжанның бас қаласы – Бакуде өткен грек-рим күресінен әскерилер арасында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 55 кг салмақ дәрежесінде топ жарды.

Кәсіпқой бокс: Бекман Сойлыбаев (17-1, 8 КО) Түркияның Трабзон қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде өзбекстандық Мирзамухаммад Хикматуллаевпен жұдырықтасып, қарсыласынан техникалық нокаутпен басым түсті.

Фристайл-акробатика: Финляндияның Рука қаласында өткен фристайл-акробатикадан Әлем кубогының бірінші кезеңінде Жанбота Алдабергенова (77,43 ұпай) қола жүлдегер атанды.

Бірінші орынды канадалық Марианна Тино (99,05 ұпай) иеленсе, күміс жүлдені австралиялық Даниэль Скотт (88,47 ұпай) жеңіп алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама