Жанбота Алдабергенова Әлем кубогы кезеңінде қола жүлде иеленді
Спортшы фристайлдың акробатика түрінде өнер көрсетіп, 77.43 балл жинады
Ұлттық құрама спортшысы Жанбота Алдабергенова Финляндияның Рука қаласында өткен фристайл-акробатика мен могулдан Әлем кубогының алғашқы кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жанбота Алдабергенова фристайлдың акробатика түрінде өнер көрсетіп, 77.43 балл жинады.
Қазақстан спортшысы тура бір жыл бұрын осында өткен 2022-2023 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде қола жүлде алған. Ол кезде Алдабергеноваға 80.04 ұпай жеткілікті болған.
Жалпы Рука қаласы биыл FIS-тің фристайл маусымын қатарынан 14-рет бастап берді.
Алтын медальді Бейжің Олимпиадасының (аралас командалық сын) қола жүлдегері Марион Тено (Канада) жеңіп алса, күміс мелдальді Даниэль Скот иеленді. Австралиялық спортшы осыған дейін әлем чемпионатында екі рет күміс жүлдегер атанған.