Halyq Uni логотип
×

InDriver-дің негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды (ВИДЕО)

Ол біздің елге талантты мамандар тартып, жаңа технологиялар мен идеялар алып келді, – деді Бағдат Мусин

 Дастан Жұмабекұлы 03.12.2023 | 10:30
InDriver-дің негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды (ВИДЕО)
Фото: InDriver

InDriver такси қызметінің негізін қалаушы, саха кәсіпкері Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы ол өзі Alternativa кино байқауында айтты. Ал Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Instagram-дағы парақшасында Томскийдің сөйлеген сөзінен үзінді жариялады.

Әлемдегі ірі инвестордың бірі Қазақстан азаматы атанды. Арсен өзі ғана келіп қоймай, біздің елге талантты мамандар тартып, жаңа технологиялар мен идеялар алып келді, – деді ол.

Былтыр Ресейден мобилизацияға байланысты елімізге көп адам келді. Олардың көбі Қазақстан арқылы басқа елдерге барса, елімізде қалғандар азаматтық алды. Жалпы, өткен жылы 22 мыңнан астам адам Қазақстан азаматы атанды. ІІМ-нің хабарлауынша, жыл сайын 20 мыңға жуық шетелдік ел азаматтығын алу мәселесі бойынша өтініш береді.

Тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды. Ал былтыр 22 мың адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен 1 375, жеңілдетілген тәртіппен 20 мыңнан астам адам азамат атанды. Оның ішінде 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша 1 287 адам, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы Конвенция бойынша 1 777 адам азаматтық алды.

Ал қос азаматтығы бар адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл заң бұзушылықты жасырған адам 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді немесе ол Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылады.

Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттардың шешімдерімен 138 адам елден шығарылды. Қалғандарына айыппұл салынды. Соңғы 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды. Оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынса, 473 адам елден шығарылды. Барлығының азаматтығы жойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама