Алматыдағы хостелден шыққан өрттен қаза тапқан ресейлік азамат туралы жаңа мәлімет шықты
Алматыдағы хостелден шыққан өрт кезінде якут Герман Андреев көз жұмды
Алматыдағы хостелден шыққан өрт кезінде қаза болған ресейлік азаматтың жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта оның денесін туған жеріне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Саха (Якутия) Республикасының сыртқы байланыстар және халықтар ісі министрі Гаврил Кириллин мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
«Алматыдағы хостелден шыққан өрт кезінде якут Герман Андреев көз жұмды. Ол – Жиганск тумасы. Қазақстанға 2023 жылдың 5 сәуірінде келген. Қазіргі кезде оның денесін тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Туған жеріне жеткіземіз. Ресей сыртқы істер министрлігі көмек көрсетуде», - дейді Гаврил Кириллин.
Сонымен қатар ол өзі басқаратын ведомство марқұмның отбасына барлық қажетті көмекті көрсететінін атап өтті.
30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды. Кейін қалалық полиция департаменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы. Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.