Биыл Қазақстан шекарасын 30 мыңнан астам адам бұзған
Қараша айының өзінде ел заңнамасын бұзған 5 820 адам ұсталды
Қазақстан шекарашылары жыл басынан бері 30 823 құқық бұзушыны ұстады, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Оның 28-і шетелдіктер: 11-і – қырғызстандық, 9-ы – Өзбекстан азаматы, 7-еуі – пәкістандық және 1 адам – Ресей азаматы.
Тағы 19 шетелдік Қазақстан шекарасын бұзу кезінде ұсталды. Олардың ішінде 6 Өзбекстан азаматы, 4 ауған, 4 Йеменнен келген заңсыз мигрант, 3 сириялық және 1 Тәжікстан, 1 Сьерра-Леоне азаматы бар, - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
ҰҚК Шекара қызметі биыл қараша айының өзінде құзыретті органдармен бірге Қазақстан заңнамасын бұзған 5 820 адамды ұстаған. Сондай-ақ қарашада шекарашылар 858 рет мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісінің алдын алды.
Жалпы салмағы 493 грамм болатын есірткіге қатысты 51, қару-жарақ, оқ-дәрілер бойынша 17, діни әдебиет бойынша 18 және құны 26 млн болатын 360 жанар-жағар май фактісі анықталды, - делінген хабарламада.
858 миллион теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды алып өтудің 343 фактісі анықталды. Сонымен қатар шекарашылар валютаға қатысты жалпы сомасы 760 миллион теңгеден асатын 69 фактінің алдын алған.
Каспийде шекарашылар 26 мәрте браконьерлерді тоқтатты.
Шекарашылар 252 миллион теңге залалдың алдын алды. Материалдар құқық қорғау және сот органдарына берілді, - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Ведомство қараша айында мемлекеттік шекарада қандай да бір шектеу шаралары енгізілмегенін, барлық өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанынын ерекше атап өтті.