Конференция лигасы: «Астана» клубына плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндік бар
Елорданың командасы Хорватияның «Динамо Загреб» жасағынан жеңілді
Еуропаның бірнеше қаласында УЕФА Конференция лигасы топтық турнирінің мачтары болды. «Астана» клубы өз алаңында Хорватияның «Динамо Загреб» командасымен кездесіп, 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл матчта қарсыластар екінші таймда екі гол салып, жеңіске жетті. Бірінші таймда «Астанаға» есеп ашуға тамаша мүмкіндік болды. 9-минутта төреші қонақтардың қорғаушысы «Астананың» жартылай қорғаушысы Эльхан Астановты айыпдоп алаңында құлатқаннан кейін, пенальти белгіледі. Алайда Дембо Дарбо қақпаны дәл көздей алмады. Осылайша ойынның бірінші жартысында таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші таймның 48-минутында хорватиялық командада Габриэль Видович есеп ашты. Одан кейін Такуро Канеко 79-минутта есепті еселеді. Сөйтіп, «Астана» «Динамо Загребтен» алтыншы рет жеңілді.
Бұл ойында «Астана» плей-офф сатысына шығу үшін қарсыласын жеңуі керек еді. Енді клубтың топтан шығуға мүмкіндігі азайды.
Қазір турнир кестесінде 5-турдан кейін Чехияның «Виктория Пльзень» командасы 15 ұпай жинап, көш бастады. Кеше чехтар Косовоның «Балкани» клубын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. Екінші орынға «Астананы» жеңген «Динамо Загреб» шықты. Хорватиялық ұжымда 6 ұпай бар. Ал үшінші орынға «Астана» ығысты. Елорданың командасының қоржынында 4 ұпай. «Астана» доп айырмашылығымен «Балканиден» бір саты биік тұр. «Балкани» де 4 ұпай жинаған. Косовоның клубы 3 гол салып, өз қақпасына 4 гол жіберіп алса, «Астана» 4 гол салып, 10 доп жіберіп алған.
Енді «Астана» үшін 15 желтоқсанда сырт алаңда Чехияның «Виктория Пльзень» командасымен ойын бәрін шешеді. Егер алаң иелерінен жеңіліп немесе тең ойнаса топтан шыға алмайды. Ал «Викторияны» жеңіп жатса, бірінші орында тұрған «Динамо Загреб» өз алаңында «Балканиден» жеңілуі керек. Бұл командалардың бірінші ойыны косоволық клубтың жеңісімен аяқталған. 5 қазанда «Балкани» өз алаңында хорватиялық жасақты 2:0 есебімен жеңген болатын.