Астанада AMANAT партиясының қолдауымен XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Іс-шара Қазақстан мүгедектер конфедерациясының ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған мыңнан аса адам қатысты.
Сөз басында Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президенттің мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселесіне айрықша назар аударатынын атап өтті.
Қазір біз инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары, – деді Ерлан Қошанов.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден аса өтінім келіп түскен. Жалпы осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа ие болған.
- «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығын қоларбадағы биімен Азия және әлем чемпионы атанған шымкенттік Ермек Қалымбетов иеленді.
- «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша мүгедектер арбасын тегін жөндейтін Invakolyaski.kz шеберханасын ашқан алматылық Дәурен Алканов марапатталды.
- Астаналық Валентина Толмачева «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Ол ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған түрлі іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастырады.
- «Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясы бойынша Түркістан облысының азаматы Мейірхан Топанбай сыйлыққа лайық деп танылды. Ол – 10 тілді меңгеріп, 68 мың кітап оқыған адам.
- Теміртаулық Арман Қарынсау «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша сыйлық иеленді. Ол бүгінде «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртісі.
- Елорда тұрғыны Ильнар Айтняков «Күш-жігері және жеңіске талпынысы үшін» номинациясының иегері атанды. Ол компьютер жөндеу шеберханасын ашып, қайырымдылықпен айналысып келеді.
- «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» марапатына Тараздан келген Анар Бексұлтанова лайық деп танылды. Ол тігін шеберханасын ашып, мүгедек әйелдерді оқытып, жұмысқа орналастырып жатыр.
- Ал «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының арнайы номинациясында астаналық Серік Жүзбай жеңіске жетті. Жаны жомарт азамат қайырымдылықпен айналысып, қараусыз қалған 100-ден аса баланы туған-туыстарымен табыстырып жүр. Зағип немесе көзі нашар көретін отандастарымызды қазақ, орыс, араб тілдеріне Брайль жүйесі бойынша оқыту жұмысын ұйымдастырды.
Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен мерекелік концертпен аяқталды.