Есірткі, бала өлімі, алаяқтық пен зорлық-зомбылық. Қазақстан әлемдік қылмыс рейтингінде неге төмен?
Қазақстан рейтингі соңғы үш жылда 20 орыннан 72 орынға түсіп кеткен
Қазақстан рейтингі соңғы үш жылда 20 орыннан 72 орынға түсіп кеткен
Әлем елдеріндегі қылмыстық жағдайларды саралап, олардың рейтингін жасап отыратын әлемдік Numbeo сайтының мәліметінше, Қазақстан біршама төменгі орында тұр. Сол аталған сайтта Қазақстан әлемдік қылмыс рейтингі бойынша 2020 жылы 20 орында тұрса, 2020 жылы 39 орында, 2021 жылы 45 орында, ал бүгінде, яғни 2023 жылдың жартыжылдығын қоса есептегенде 72 орынға дейін сырғып кеткен. Бұл жағдай елдегі қылмыстық жағдайдың өршігенін білдіре ме, әлде статистиканың жыл сайын лайықты жүргізіле бастауынан ба?
Жалпы, Numbeo мамандары ең қауіпсіз бағыттардың рейтингін үнемі жариялайды. Биыл толық тізім 142 мемлекеттен тұрады.
Numbeo қауіпсіздік рейтингі өз еліндегі қылмысты бағалауды сұраған сайтқа кірушілердің сауалнамасының нәтижелеріне және оның деңгейі соңғы үш жылда қалай көтерілгеніне, күндізгі және түнгі қауіпсіздік сезіміне, тонау мен автокөлікті ұрлығына алаңдаушылыққа, шабуылдың, қорлаудың немесе зорлық-зомбылық құрбаны болу мүмкіндігіне негізделген. Оған гендерлік, діни және нәсілдік алалаушылық, есірткінің таралуы, зорлық-зомбылық және мүліктік қылмыс мәселелері кіреді.
Сонымен қатар, әлем елдеріндегі қауіпсіздік мәселелерін сарапалп отыратын GLOBAL PEACE INDEX сайтының көрсеткіштерінде де еліміз жоғары орындарда тұрған жоқ. Аталған сайттың жазуынша, зорлық-зомбылық демонстрациялар көрсеткішінің ең үлкен өсуі Қазақстанда 2020-2021 жылдар аралығында байқалды. 2021 жылы елдегі зорлық-зомбылық наразылықтарының саны 2020 жылға жақын қалғанымен, көрсеткіштің өсуі, ең алдымен, өлім санының артуына байланысты.
Ал ең қауіпті оқиға ретінде 2022 жылдың қаңтарында болған наразылық жағдайларын келтіреді. Батыс өңірден басталған наразылық халықтың сұйытылған мұнай газының (СТГ) қымбаттауынан туған еді.
Елдегі түрлі жағдаяттарды ескере келе бұл әлемдік рейтинг те Қазақстанды жалпы тізімде 97 орынға қойған.
Нашақорлық пен есірткі қылмысы көп
Елдегі қылмыстық жағдайды Ішкі істер министрлігі тұрақты жариялап келеді. Дегенмен соңғы деректерге көз салсақ, жағдайдың біршама күрделі екеніне көз жеткізуге болады. Айталық, бір ғана нашақорлық деректерін мысалға алсақ, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары белсенді жүзеге асырылып келе жатқан 4 айдан астам уақытта мынадай статистика құралған:
- 2775 есірткі қылмысы, 1568 өткізу фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың 415 фактісі анықталды;
- Заңсыз айналымнан 37 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 73 кг-нан астам героин мен 191,5 кг апиын, сондай-ақ 5 тонна кептірілген марихуана мен 503 кг гашиш алынды.
Бұл ретте алынған синтетикалық есірткінің көлемі 890 кг-ға жетті, 69 жасырын зертхана (ІІМ – 41, ҰҚК – 28) жойылды.
- Есірткі контрабандасының 300 фактісі анықталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтар жағы да белсенділігімен көзге түсіп қалған. Дегенмен ішкі істер органдары сондай 6 бірдей топтың әрекетіне тосқауыл қойған. Солардың ішінен ұсталған 6 көшбасшысы мен олардың 54 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Оларға қатысты, оның ішінде 2 трансұлттық ҰҚТ-ты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 14 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы қылмыстық жолмен алынған сомасы 114 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты заңдастырудың 3 фактісі анықталды. ҰҚТ мүшелерінен 100 кг-нан астам есірткі, 84 тоннадан астам прекурсор және 24 тонна «апиын көкнәрі» алынды.
Интернет желісінде есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мәдениет министрлігінің Ақпарат комитеті 3,2 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттаған. Алайда, жарнамалық сайттар мен басқа да интернет-платформалар арқылы есірткінің «агрессивті» жарнамасынан «жасырын» жарнамалауға көшу байқалады.
Осы жерде психотроптық заттардың бей-берекет таралуына да жол бермес үшін полиция органдары 13-17 қараша аралығында ел аумағында кеңауқымды «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізген.
Оның негізгі міндеті – есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды контрабандалық әкелу мен әкету, сондай-ақ олардың заңсыз айналымға жылыстау фактілерін анықтау және жолын кесу.
«Дәрмек» ЖПІШ кезеңінде заңды айналым саласында ҚР ҚК 303-бабы бойынша 20 қылмыс (Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) және 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде:
- ҚР ӘҚБтК 424-бабы бойынша (Заңсыз фармацевтикалық қызмет) – 21 (айыппұл – 5-тен 70 АЕК-ке дейін);
- ҚР ӘҚБтК 426-бабының 1-бөлігі бойынша (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласының ережелерін бұзу) – 142 (айыппұл – 100-ден 200 АЕК-ке дейін);
- ҚР ӘҚБтК 427-бабы бойынша (есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды техникалық нығайту талаптарын бұзу) – 51 (айыппұл-20-дан 100 АЕК-ке дейін);
- ҚР ӘҚБтК 464-бабы бойынша (лицензиялау нормаларын бұзу) – 35 (айыппұл – 45-тен 150 АЕК-ке дейін);
Нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 249 адам, оның ішінде 79 медицина қызметкері тартылды. Барлық материал құзыретіне сәйкес ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жолданған.
«Дәрмек» ЖПІШ нәтижесінде 52 мың дана таблетка және 81,3 мың ампула есірткі, 182,9 гр, 7 мың дана таблетка, 38 мың ампула психотроптық заттар, сондай-ақ 86,3 тонна улы заттар алынған.
Жолда бала қағу көбейген
Айта кету керек, биылғы 10 айда жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан балалар саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалар саны 3%-ға артқан.
Сонымен қатар, зардап шеккен балалардың жартысынан көбі көліктегі жолаушылар екені анықталған. Қалған жартысы жаяу жүргіншілер.
Соған көп жағдайда себеп болатын жайт, министрлік мәліметінше, ересектердің балаларды алып жүруде ереже бұзып, балаларды ұстайтын құрылғыларсыз (автокреслолар, күшейткіштер, адаптерлер және т.б.) немесе бекітілмеген автомобильдерде тасымалдауы екен.
Бүгінгі таңда мектептердің тек 65%-ында ғана жол қозғалысы қауіпсіздігі сыныптары бар, сонымен қатар, тек 40%-ы жол қозғалысы ережелерін зерттеуге арналған арнайы алаңдармен жабдықталған.
Интернет алаяқтарының азаймауы елдегі қылмыстық жағдайды ушықтырып тұр
Министрлік келтірген деректерге қарағанда, жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Алаяқтардың арамза әрекетінің кесірінен ел азаматтары 13 млрд теңге көлемінде зардап шеккен.
Соның ішінде ең көп таралған әдісі әлі де сол онлайн-сауда болып отыр. Онлайн-сауда арқылы отандастарымызға қарсы 7 мың алаяқтық жасалған.
Ал банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-қарыздарды рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелді.
Соған қарамастан ел азаматтары қалтасын тез қампайтудың қамымен олардың күмәнділігі мен ашықтығына көз жеткізбестен әр түрлі айла-тәсілге түсіп, арбалып қалып жатқаны өкінішті.
Бір жыл ішінде 1200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болғаны белгілі. Олар табан ет, маңдай терімен тапқан қаражатын қайдағы жоқ жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салған екен. Сонымен қатар, кей жағдайларда осындай мақсаттарға жұмсау үшін арнайылап несие алғандар да жетерлік. Жеңіл ақшаны іздеймін деп жүріп, ақыр соңында тапқан-таянғандарын жоғалтып отыр.
Алаяқтардың әдіс-айласы да бұрыннан қалыптасқан белгілі жайттар, яғни ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Тек «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн-режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін жұртты қызықтырып, бір рет дивиденд төлеп қояды әдетке айналдырған.
Шетелдік интернет-алаяқтардың трансшекаралық қылмыстық әрекетін тергеу мен жолын кесудің қиындығы олардың орналасқан жерінде ғана емес, яғни елден тыс жерлерде, сонымен бірге олардың «хакерлік» бағдарламаларды пайдалануында.
Өткен жылдың желтоқсанында ІІМ өткізген іс-шаралардың нәтижесінде Украина аумағында қызметі тек қазақстандық азаматтарға қатысты бағытталған ірі алаяқтық Call-орталықтардың бірінің орналасқан жері анықталды. Министрлік украиналық әріптестерімен бірлесіп, бұл орталық жойылды. Сөйтіп, 40 күдікті ұсталып, ірі көлемдегі компьютер және басқа да арнайы техника тәркіленді. Қазір сарапшылар олардан алданған қазақстандықтар туралы деректерді алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Дегенмен, «Көлеңкеде» қалу үшін алаяқтар телеграм-арналардан тапқан Қазақстан азаматтарының арасынан «дропер» деп аталатын адамдарды пайдаланады.
Оларға жәбірленушілердің ақшасы түсетін бірнеше банктерде шоттар ашуды тапсырады, олардың белгілі бір бөлігін «дроперлер» өзіне қалдырады (10% дейін), ал қалғандарын алаяқтар көрсеткен банктік және өзге де электрондық шоттарға аударады. Осылайша ұрланған ақшаның шамамен 90%-ы елден шығарылады.
Ең қызығы, ұрланған қаражатты уақтылы бұғаттай алмаудың негізгі факторы – жәбірленушілердің полицияға кеш жүгінуі екен.
Азаматтар алаяқтардың «құрбанына» айналғанын түсінгенше ұрланған ақша шоттардан алынып, шетелге жіберіледі. Орташа алғанда, қылмыс жасалған сәттен бастап ішкі істер органдарына жүгінуге кететін уақыт 3 күннен бірнеше айға дейін созылады.
Еліміздің әлемдік рейтингін отбасындағы жанжал да құлдыратып тұр
Қазақстанда ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру құрамы Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске бірнеше рет ауыстырылғаны мәлім. Бұл әкімшілік жауапкершілік аясында осы құқықбұзушылықтардың анықталуын арттырды. Мұндай деректер Жоғары сотта өткен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот практикасы мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
Ал осы әкімшілік құқықбұзушылықтарды қылмыстық санатқа ауыстыруға байланысты өзгерістер, керісінше, елдегі тұрмыстық қылмыстың жағдайына теріс әсер еткен. Мәселен, егер 2015 жылға дейін 3,5-4 мыңға жуық отбасылық ұрыс-керіс шығарушылар денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ал жаңа Қылмыстық кодекстің қабылдануына байланысты осы көрсеткіш 6 есеге қысқарып, 700-750 тұрмыстық ұрыс-керіс мөлшеріне түскен.
Осы құқықбұзушылықтарды ҚК-ден ӘҚБтК-ге ауыстырғаннан кейін, яғни 2017 жылдан бастап оларды тіркеу 10 еседен астам өскені айтылды.