Бұған дейін қаламгердің «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ», «Хат бармайтын қыстақ» атты кітаптары жарық көрген
2 желтоқсанда сағат 15:00-де Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Қарғыбаулы қасқыр» атты хикаялар жинағының әдеби таныстырылымы өтеді.
Кітап жуырда «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан жарық көрген. Оның негізгі өзегі – көшпенділер рухы мен тарихи шайқастар. Тамыры – ұлы Ғұн мен Көктүріктер дәуірінен бастау алатын жауынгерлік хикаялар. Алтай бетін жайлаған қазақтардың атамекені үшін бастан өткерген қиян-кескі соғысы, оған бас болған қазақ мергендерінің ерлігі деректер негізінде өрнекті тілмен баяндалған.
Негізгі тамыры көшпенді жұрттың ерлік даңқынан қуаттанған ерекше жазу стилі оқырман жүрегіне жігер мен намыс отын құяды. Сонымен қатар, арасын шекара торы бөліп жатқан сонау Алтайда өткен балалық шақ, ауыл тіршілігін айта отырып, бүгінде көзден таса бола бастаған ұлттық құндылықтар негізін тілге тиек етеді. Кітаптың өнбойынан жалаң қолмен жауға шабар асқақ рух, қазақтың еңсесін көтерер ерен өрлік есіп, туған мекенге, атажұрт – Алтайға деген сартап сағыныш аңқып тұр, - делінген хабарламада.
Айта кетсек, бұған дейін Ұларбек Дәлейұлының «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» жыр жинағы мен «Хат бармайтын қыстақ» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.
Енді осы аптаның сенбісінде өтетін жаңа кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі ақын-жазушылар, әдебиетсүйер қауым, БАҚ өкілдері, кітапсүйер оқырман қатысады деп күтіліп отыр.