Оның үстіне тұрғын үйде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған
Бүгін таңертең Алматыда өрт шыққан хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Оның үстіне, хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
«Ғимараттың иесі – «КУСА Халык» ЖШС. Хостелді ALA Hostel ЖШС 21 қыркүйектен бері жалға ала бастаған. Сол кезде кәсіп иелерінің арасында жалдау жөніндегі келісімшарт жасалған. Жер учаскесі дүкенді пайдалану және қызмет көрсету үшін берілген. Бұл нысан 1,5 ай бұрын хостелге айналған. Хостел аумағы 457 шаршы метр болған.
Атап өтетін бір нәрсе, кез келген хостел «ҚР-дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес, үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Ал өрт шыққан хостелге Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкен хостелге айналған кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек еді. Бұл жерде ешқандай заң атлаптары сақталмаған, – делінген хабарламада.
Әкімдіктің талабы бойынша хостелді жертөле қабаттарында орналастыруға санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 23-тармағына сәйкес тыйым салынады. Бұл жерде де заң талаптары бұзылып отыр. Яғни, үш қабатты үйдің 1-қабаты мен жертөлесі түгелімен хостелге берілген.