Анасы тиісті жағдай жасамаған 4 бала қолдау орталығына орналастырылды
Әйелдің ата-ана құқығын шектеу туралы шешім қабылданды
Павлодар облысында балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған әйел жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол Успен ауданының полициясына қоңырау шалып, көмек сұраған. Айтуынша, бірге тұратын ер адам мас күйінде үйде жанжал шығарған. Келген полицейлер әйелдің досымен алкоголь ішкенін анықтады, осының негізінде бірге тұратын ер адам екеуінің арасында жанжал туындаған.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйел мен бірге тұратын ер адам орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған. Бірге тұратын ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Сотқа дейін бірге тұратын адам полиция бөлімінің УҰИ-ге қамалды, – деп мәлімдеді Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар әйелдің асырауында 4 кәмелетке толмаған баласы бар екендігі анықталды. Шақырту барысында үйде тазалық жоқ екені, балалардың толыққанды тұруы үшін жағдайдың жасалмағаны анықталды. Осыған байланысты, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді.
Сондай-ақ ананың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аудандық комиссияның отырысында қаралды. Онда әйелдің ата-ана құқығын шектеу туралы шешім қабылданды. Білім беру органдары материалды сотқа дайындайды.
Бұдан басқа, 8 және 12 жастағы екі бала Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберіліп, 2 және 4 жасар екі бала облыстық балалар үйіне орналастырылды.
Полиция ата-аналардың өз балалары үшін жауапкершілікте және оларды тәрбиелеумен айналысуға, қамқорлық жасауға және тұруға қажетті жағдай жасауға міндетті екенін атап өтті.