Дәрігерлер мен мұғалімдерге онлайн оқуға тыйым салынбақ
Енді мектептер мен балабақшалар әр 5 жыл сайын тексеріледі
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Асхат Аймағамбетов заң жобасы әріптестерінің бастамасымен әзірленгенін атап өтті.
Мұнда балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға қатысты нормалар бар. Соңғы кезде мектеп ғимараттары төбелерінің құлауы сияқты фактілер жиілеп кетті. Сондықтан осындай, біраз жылдар бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланылып келе жатқан балабақша, мектеп, колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апат қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды, - деді ол.
Оның айутынша, кішкентай балалардың терезелерден құлауына қатысты тағы бір проблема бар.
«Өкінішке қарай соңғы 2 жылда жүздеген бала терезеден құлаған. Осыған байланысты заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмімен немесе құлыппен қамтамасыз ету міндеттеледі», - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов заңда мектеп, балабақша мен аурухана салынбай, көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызуға тыйым салуды көздейтін норма барын жеткізді.
Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер, балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып, көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе мегаполистерде. Осының кесірінен жұмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді. Ал енді мектеп салайын десе, жақын жерде бос жер де қалмайды. Осыған байланысты заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай, көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады, - деді ол.
Сондай-ақ депутат дәрігерлер мен мұғалімдерге онлайн оқуға тыйым салынатынын атап өтті.
«Технологияның дамуы қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, біршама мамандық бойынша онлайн оқу үрдісі кең тарады. Бірақ зерттеулер педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша онлайн білім алудың қаупі бар екенін көрсетеді. Сондықтан жобада колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салу туралы норма енгізілді», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар заңда мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салатын норма бар.
Бұл – өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік білім беру мекемесі жекешелендіруге жатпайды, - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқанын, сондықтан жаңа практикалық дағдыны меңгеру маңызды екенін атап өтті. Бұл заңда да көрсетіліп отыр.
«Біздің колледждер мен университте оқуды аяқтаған студенттерге диплом мен әр пән бойынша бағалары көрсетілген қосымша ақпаратты береді. Бірақ ол – бүгінде жеткіліксіз ақпарат. Осыған орай қазір берілетін диплом мен транскриптке қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құжат беру құзыреттілігі де жобада қарастырылып отыр», - деді ол.
Депутат заңдағы келесі норманың жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұл ашықтық пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында балабақшаға баланы кезекке қоюды, одан орын беруді және білім беру қызметкерлерін жұмысқа алуды тек қана бірыңғай ақпараттық бағдарлама шеңберінде ұйымдастыру бойынша норма енгізілді, - деді Асхат Аймағамбетов.
Заң жобасын қабылдау білім беру саласындағы және жетім балалардың құқығын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік береді.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар аталған заң жобасын қабылдады.