«Америкада мұнайға талас басталды»: Венесуэла Гайанаға басып кірді

Дастан Жұмабекұлы

Бұл жерге екі ел 200 жылдан бері таласып келеді

Фото: Matias Delacroix

Оңтүстік Америкада – Венесуэла мен Гайана арасында қарулы қақтығыс басталды.

Венесуэла әскері Гайананың батыс өңіріне басып кірді. Бұл жер Гайана-Эссекибо деп аталады. Ол – елдің Эссекибо өзенінің батыс жағалауын алып жатқан мұнайлы жер. Оның көлемі Гайананың 70 пайыз территориясын қамтиды. Бұл жерге екі ел 200 жылдан бері таласып келеді. Даулы аймаққа айналған.

Венесуэла бұл жерді өзінің заңды территориясы деп есептейді. Қазір онда Гайана билігінің рұқсатымен China National Offshore Oil Corporation, QatarEnergy мен TotalEnergies компаниялары мұнай өндіруді қолға алып, шикізатты өндірумен айналысып жатыр. Сондықтан Венесуэла Эссекибо өзенінің батыс жағалауын қайтарып, мұнайлы аймаққа өзі иелік еткісі келеді. Қарулы қақтығыстың басты себебі – осы.

Гайана-Эссекибо үшін талас, жоғарыда атап өткеніміздей, осыдан 200 жыл бұрын басталған. Сол кезде бұл жерлер испан отарлаушыларының қарамағында болған еді. 1819 жылы ол қазіргі Колумбия, Венесуэла, Эквадор мен Панаманың аумағында құрылған Ұлы Колумбия елінің құрамына кірген. 1831 жылы Ұлы Колумбия ыдырап, аталған елдер тәуелсіздік алған соң, Ұлыбританияның Гвиана колониясы Гайананың қазіргі батыс аумағын өзіне қосып алған. Осыдан кейін 1899 жылы Венесуэла Париждегі халықаралық арбитражды сот арқылы Гайана-Эссекибо өзіне қосып алғысы келген. Алайда сот даулы мәселені Ұлыбританияның пайдасына шешкен.

1962 жылы Венесуэла Париж сотының шешіміне келіспейтінін айтып, тағы да Гайана-Эссекибоның аумағын өз еліне қосып алуды талап еткен. 1966 жылы Гайана тәуелсіздік алып, Ұлыбританиямен және Венесуэламен шекараны бекітіп, Женева келісіміне қол қоюды ұсынды. Бұған Венесуэла келіспеді. Сөйтіп, уақытша бейбіт келісім ғана жасалған.

1983 жылы Венесуэла тағы да даулы аймақты қайтару туралы мәселе көтереді. Бұл жолы Гайана мәселені БҰҰ Бас ассамбелясы, оның Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешуді талап етеді. Ал Венесуэла проблеманы тікелей келіссөздер арқылы шешуді қалайды. Сөйтіп, Гайана-Эссекибоның мәселесі тағы 40 жылға қалдырылады. Ал биыл қыркүйек айында Гайана билігі шетелдің мұнай компанияларына даулы аймақтағы шикізатты пайдалануға рұқсат бергенде проблема тағы ушығып кетеді.

15 қарашада Боливар Республикасының (Венесуэла, – ред.) президенті Николас Мадуро референдумды 3 желтоқсанда өткізуді ұсынады. Оған Гайана қарсы шығып, БҰҰ Халықаралық сотына шағымданады. Осыдан кейін Венесуэла заңды талаптарының орындалмай жатқанына наразылық білдіріп, Гайананың батыс өңіріне әскер кіргізеді. Қазір екі елдің әскерилері арасында қарулы қақтығыс болып жатыр.

Ескерте кететін бір жайт, 2015 жылы Гайана-Эссекибо аумағында америкалық ExxonMobil компаниясы қара алтының 11 млрд баррелін тапқан екен. Бұл компания Гайана билігінің мұнайды өндіру лицензиясын алыпты. Одан бөлек, рұқсатты China National Offshore Oil Corporation, QatarEnergy мен TotalEnergies компаниялары да алған.

Politico басылымының хабарлауынша, 2028 жылы Гайана күн сайын 1,2 млн баррель мұнайды өндіруі мүмкін. Егер осыншама қара алтын бір жерден шықса, Гайана мұнай өндіруде Бруней, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері елдерін басып озады деген дерек бар.