Halyq Uni логотип
×

Астанада Париж Олимпиадасына дайындық бойынша кеңейтілген отырыс өтті

Жиында күн тәртібінде тұрған бес мәселе талқыланды

 Дастан Жұмабекұлы 29.11.2023 | 22:27
Астанада Париж Олимпиадасына дайындық бойынша кеңейтілген отырыс өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен дене шынықтыру және спорт саласындағы проблемалық мәселелер және ел спортшыларының Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиадаға дайындығы бойынша кеңейтілген алқалы отырыс өтті, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметі. 

Басқосуға өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, Ұлттық Олимпиада комитетінің, спорт федерацияларының өкілдері, ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушылары, Олимпиялық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушылар мен ведомствоға қарайтын ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиынға қатысушылар күн тәртібінде тұрған бес мәселе төңірегінде пікір алмасты. Атап айтқанда, отырыста спорт түрлері бойынша ұлттық құрама команда спортшыларының лицензиялық жарыстарға және 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға дайындық барысы, елімізде спорттық медицинаны дамытудың өзекті мәселелері, спорттағы допингке қарсы бағдарлама, спорт резерві, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүйесі мен саланы дамытудың негізгі міндеттері талқыланды. 

Сонымен қатар өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушылары атқарып жатқан істері туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларын ортаға салды.

Ведомство басшысы ұлттық құраманың көңіл көншітерлік нәтиже көрсетпей жатқанының басты себебі ретінде – бәсекелестік пен ұрпақтар сабақтастығының болмауы екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде жас спортшыларды даярлау бойынша мәселелер бар екенін айтты. Ұлттық құрамаға спортшылар дайындау жағынан Солтүстік Қазақстан (23,9%, спорттың 11 түрі бойынша 95 спортшы), Атырау (26,1%, спорттың 12 түрі бойынша 59 адам) мен Ақтөбе облыстары (28,3%, спорттың 13 түрі бойынша 73 адам) лайықты жұмыс істемей келеді.

Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесінің басты назарда болатынын атап көрсетті.

Қазір елімізде 180 спорт түрі бар. Оның тек 59-ы ғана Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Оның ішінде 46 жарыс жазғы Олимпиада, 13 спорт түрі қысқы Олимпиада, 67 спорт түрі Олимпиялық емес, 11-і ұлттық, 17-сі Сурдлимпиада, 18-і Паралимпиада, 8-і Паралимпиадалық емес.

«Негізгі орта мерзімді міндеттеріміздің бірі – спорт түрлеріне басымдық беру. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан құрамасының спортшылары жазғы Олимпиялық 46 спорттың тек 13 түрінен ғана Олимпиада жүлдесін алды. Әлем чемпионаттарында да жағдай осындай. Тұрақты нәтижелерді тек санаулы спорт түрлері ғана көрсетіп жүр. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін тек  медаль қажет ететін спорт түрлеріне басымдық бере отырып, кезең-кезеңімен қысқартады», – деді Ермек Маржықпаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама