Алматыда гашиштің ірі партиясы тәркіленді
Тәркіленген шөптің жалпы салмағы 2 келі 609 грамм болды
Алматыда полицейлер 48 жастағы қала тұрғыннан 2,5 келіден астам гашиш тәркілеген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады,
Күдікті есірткінің ірі партиясын Жамбыл облысына апаруды жоспарлаған. Алайда Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 48 жастағы Т. есімді азаматты тінту кезінде жасыл түсті ұнтақ заты бар сөмкені тәркіледі. Ол – гашиш есірткісі болып шықты. Бұл арнайы сараптамадан кейін анықталды. Ал күдіктінің тұрғылықты жерінен «Бүркіт» қызметтік ізкесуші иті осыған ұқсас зат салынған 19 буманы тапты. Тәркіленген шөптің жалпы салмағы 2 келі 609 грамм болды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір есірткі заттарын сатуға қатысы болуы мүмкін басқа да адамдар анықталып жатыр.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. Конституцияның 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай, кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.