Екеуі де сол сәтте тек сәбиді аман алып қалуды ойлағандарын айтады
Нұр-Сұлтанда үш жасар қыз 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған болатын. Сәбит, Сағи секілді азаматтардың арқасында бүлдіршін аман қалды. Осы оқиғадан соң жақсы тілектерін жаудырып, демеу көрсетіп, батыр атаған халыққа Сағи мен Сәбит алғыстарын айтты.
Бұл туралы «Хабар» арнасының «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында көрсетілді.
«Құрметті қазақстандықтар, осы сәтті пайдалана отырып, еліме алғысымды айтқым келеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбегімізді жоғары бағалап жатқан жандарға рахметімді айтамын. Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады дегендей, бір-бірімізге деген жылулығымыз сөнбесін. Алғысым шексіз!» - деді өз өмірін қатерге тігіп, терезеге ілініп қалған бүлдіршінді құтқарған Сәбит.
Сағи да бұл оқиғада қарап қалмай Сәбитке көмектескен жан. Ол да «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін алып, халықтың ыстық ілтипатына іліккен болатын.
«Бізді батыр деп атап, көтеріп жатқан халқымызға алғысымды айтамын. Ауызбіршілігіміз әрқашан мықты болсын. Мен бұл істі әр ер жігіттің парызы деп білемін. Бәріне рахмет! Кеше бізді сыртымыздан видеоға түсіріп алған келіншекке де алғысымызды айттық. Бізді көріп көмектесіп жатқан компанияларға да, ғаламтор желісіне де барлығына рахметімізді айтамыз», - деді Сағи.
Екеуі де сол сәтте, тек сәбиді аман алып қалуды ойлағандарын айтады.
«Біз де қарапайым адамдармыз ғой. Ол жерде атақ, дәреже туралы ойлайтын шамада болмадық. Бар ойымыз бүлдіршінді құтқару болды. Әрі қарай бұл әрекетімізді бағалап, демеп жатқан жұртшылыққа ризашылығымызды білдіреміз. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бұндай жағдайлар қайталанбаса екен дейміз. Бүлдіршіндеріміз аман болсын!», - деп қосты олар.
Ерлік танытқан азаматтар сәбиді құтқарғаннан соң үйіне барып жағдайын біліп, құран оқытылып, дастархандас болғандарын жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз: Елордада 3 жастағы қызды құтқарған үшінші жігіт табылды (ВИДЕО)