Таулы жер даулы аймаққа айналды. Қазақстан қарарды қолдап, дауыс берді
БҰҰ Бас ассамблеясы Израильден 1967 жылы Сирия Араб Республикасынан басып алған Голан биіктігін босатуды талап етті. Бұл жерді Израиль әскері араб елдерімен болған алты күндік соғыста басып алған болатын.
1981 жылы Израиль бір жақты шешіммен биіктікті өздеріне қосып алды. Қазір Сирия мен Израиль арасындлағы қақтығыстың басты себебі де осы биіктікке талас болып отыр. Сол жылы Израиль Парламенті Голан жеріне қатысты заң қабылдады. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл шешімді қабылдамай, Израильді Голан биіктігін басып алған деп есептеп, жерді Сирияға қайтаруды талап етті. Ал кеше БҰҰ Голан биіктігіне қатысты тағы қарар қабылдады. Оны 91 мемлекет қолдады. 8 мемлекет қарсы дауыс берсе, 62 ел қалыс қалды. Қазақстан да резолюцияны қолдап, дауыс берді.
Бір ескерте кететін нәрсе, БҰҰ Бас ассамблеясының қарары Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясына қарағанда міндетті болып саналмайды. 2019 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп Голан биіктігін Израильдің бір бөлігі ретінде тану жөніндегі декларацияға қол қойған болатын. Содан бері таулы жер одан сайын даулы аймаққа айналып, Сирия мен Израильдің арасын ушықтырып жіберді.