«Жолаушылар тасымалы» АҚ мейрам күндері бірнеше бағыттарға қосымша пойыздарды қосады
Құрам стандартты купе мен плацкарт вагондарынан тұрады
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Тәуелсіздік күні мерекесі мен Жаңа жыл мейрамы қарсаңында жолаушылар тарапынан пойыздарға сұраныс еселеп артатынына байланысты бірнеше бағыттарға қосымша пойыздарды қосады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қосымша пойыздар мына бағыттар бойынша қатынайды:
- №201/202 «Нұр-Сұлтан 1 – Шымкент» бағытында 2023 жылдың 15, 29 желтоқсаны және 2024 жылдың 1 қаңтарында елордадан 3 пойыз қатынайды. Ал Шымкенттен биыл 16, 30 желтоқсан мен 2024 жылдың 2 қаңтарында пойыз жүреді.
- №203/204 «Нұрлы жол – Алматы 2» бағытында осы жылдың 15, 28, 29 желтоқсанында және 2024 жылдың 1, 2 қаңтарында Нұрлы жол вокзал кешенінен 5 пойыз жүреді. Ал Алматы 2 вокзалынан 16, 29, 30 желтоқсан және 2024 жылдың 2, 3 қаңтарында пойыздар қатынайды.
Құрам стандартты купе мен плацкарт вагондарынан тұрады.
Сондай-ақ №7510/7509 электр пойызының Астанадан Павлодар бағытында қосымша рейстері қосылады. Пойыз елордадан осы жылдың 15, 29, 30 желтоқсанында, ал кері бағытта биылғы 18 желтоқсанда және 2024 жылдың 2 қаңтарында жүреді.
Бұдан басқа, сұранысы көп бағыттар бойынша техникалық мүмкіндік болған кезде жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар қосылады.